Жанаргүл Мұқатайдың «Жанарымдағы әлем» кітабының тұсаукесері

Жанаргүл Мұқатайдың «Жанарымдағы әлем» кітабының тұсаукесері

17 қыркүйек күні  А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында жерлес журналист Жанаргүл Мұқатайдың «Жанарымдағы әлем» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Басқосуға журналистер, студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты.

Жанаргүл Көкенайқызы Мұқатай – отандық ақпарат айдынында аты белгілі кәсіби журналист, облыстық «Дидар» газетінің экономика бөлімінің редакторы. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткен салалалық республикалық конкурстардың жеңімпазы.

Автор ширек ғасыр ішінде өңіріміздің өнеркәсібі, өндірісі, геологиясы, металлургиясы, бизнесінен бастап, облыс экономикасының түрлі салалары туралы, алтын бесік ауыл ахуалы, танымал тұлғалар, ел тарихынан сыр шертетін мақалаларын, әңгімелерін «Жанарымдағы әлем» кітабына жинастырған. 

Кітаптың әр бөлімінде тағдыр мен тарих, аңыз бен ақиқат, өмір мен көңіл тоғысы орын алған. Тарихта аты қалған Жақабай мерген, Эверестті бағындырып, мәңгілік мұзға айналған альпинист қыз Екатерина, бейбіт күнде анасын жоғалтқан бала Жантөре, жер атаулары, тәркіден қашып, қырылған бір рулы ел мен Ермен әулетінің қилы тағдыры  ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Сондай-ақ, басылымда қазақтың біртуар қаламгерлері – Қабдеш Жұмаділов, Асқар Алтай, Әселхан Қалыбекова, Тұрысбек Сәукетаев т.б. сынды танымал тұлғалардың ой тұжырымы мен өмірге көзқарасы, тағдыры мен тарихы кестеленген. Төл туындысында автор  өзінің ұшқан ұясы туралы айта келіп, өңір тарихынан да сыр шертеді.

Жаңа басылымды парақтай отырып, автордың туған жерге, ағайын-туысқа, жерлестеріне, әріптестеріне деген ықыласына, құрметіне куә боласыз.