«Алаш рухын арқау еткен жазушы»: Жәди Шәкенұлымен шығармашылық кездесу

«Алаш рухын арқау еткен жазушы»: Жәди Шәкенұлымен шығармашылық кездесу

17 қыркүйек күні Пушкин атындағы кітапхана оқырмандары  керемет бір кездесудің куәсі болды.  Кездесу куәгері сүйікті қаламызға сонау Арқа төрінен есімі алашқа танымал жазушы,  әдебиет, тарих зерттеушісі, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағы және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының, ҚР Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Жәди Шәкенұлы.

Жәди Шәкенұлы - 1967 жылы Қытай аумағына қарасты Алтай аймағында – Ертіс өзені жағасындағы Шірікши ауылында дүниеге келген. Алтай қаласына қарасты Шірікши ауылында мұғалім, қалалық радио-телевидения мекемесінде диктор, қала әкімі кеңсесі меңгерушісінің орынбасары, ШҰАР қазақ радиосында тілші, т.б. қызметтер атқарған. 1997 жылы атажұртқа оралған.  «Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газеті проза бөлімінің меңгерушісі, «Үн» журналының бас редакторы, Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған.

Жәди Шәкенұлының «Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр» атты кітаптары жарық көрген. «Ақбота» кітабы Қытайда, «Ақбалапан» кітабы Түркияда басылып, өзге ел оқырмандарының оң бағасын алды. Талбесік» (ҚХР ақындары), «Жиһаншах» (Ақыт Үлімжіұлы), «Оспан батыр», «Жас толқын»,  «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Армысың Атамекен», «Күнгей бет» (ҚХР ақындары), «Ер Жәнібек» (1-том), «Оспан», «Жүзім бағы» кітаптарын құрастырып шығарды

Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазақстан Республикасының бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулығына, зерттеулері әдебиет теориясы жинақтарына енген.

Осынау шырайлы Шығыстың бас қаласы – Өскеменге арнайы келген Жәди Шәкенұлының екі ауыз есті сөзін тыңдайық деп, қара сөздің қадірін түсініп, бағалайтын тыңдармандар жиналды. Кездесуге қаламыздың зиялы қауымы, қалалық мәслихаттың депутаты, ақын Әскерхан Ақтай, бірнеше кітаптың авторы Болатбек Қапанұлы, Көкпекті журналының авторы Қайрат Мәлғаждар, журналистер Мұратхан Кенжеқанұлы, Қызырбек Дүргінбай, ақын Есенбол Нақтыбайұлы және т. б. қатысты.

 «Қаралы көш», «Жәнібек батыр», «Бір уыс сәуле», «Ел бастаған Елісхан», тағы басқа да сүбелі еңбектеріңізді оқырман қауым жылы қабылдады.

«Қаралы көш» романын жазу барысында Шығыс Түркістан, Қазақстан, Моңғолия және Түркияға сапар шегіп көштің тірі қуәгерлері немесе олардың ұрпақтарымен кездесіп әңгімелескен екен. Жәди Шәкенұлы «Қаралы көш», «Оспан батыр» романдарының шығу тарихына, оны шығарудағы зерттеулер туралы терең ой қозғады.

Кездесуде жазушы кітапханаға кітаптарын сыйға тартып, авторлық келісім жасалды. Кітаптың электронды нұсқасын өлкетану электронды кітапханасынан http://kray.pushkinlibrary.kz оқи аласыздар.

Тамаша кездесу болды, уақыттың қалай зымырап өткенін байқамай да қалдық... «Асыл туған адамның, алтын жетпес нарқы бар» - деп бабаларымыз айтқандай, шығармашылықты өмірінің тұмарына айналдырған ардақты ағамызға ағжарма алғысымызды білдіреміз.

Шығармашылық кездесу жазушылар, журналистер мен кітапхана оқырмандары арасында өтіп, Facebook, YouTube @pushkinlibrary желісінде тікелей эфирде көрсетілді.