«Ауылым – алтын бесігім»

«Ауылым – алтын бесігім»

7 қыркүйек күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі; ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Лақаева Шолпан Кеңесханқызы «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбында тікелей эфир өтеді.
Шараның мақсаты – жас ұрпақты кіндік қаны тамған жердің, өз ауылының тарихы туралы тереңірек білуге, зерттеп зерделеуге шақыру. Қазіргі жастарға ауыл тарихын айтып, кеңінен білуге насихаттау.
Ауыл – ол ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл – сол жерде өмір сүрген барша халықтың шежіресін жазып беретін мәнгілік кітабы. Әрбір қазақтың сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені.
Қазақ халқындағы «Ауыл түбі - бірлік, қауым түбі - тірлік», «Ауылдың амандығы - елдің амандығы» деген мақалдар ауылдың этникалық, экономикалық және рухани маңыздылығын білдіреді.
Біз үшін, туған ауылдың тарихын білу қымбат қазына. Өзінің туған жерін жан жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ ұлттық болмысын сақтай алады деп ойлаймын. Алатаудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев:
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы;
Бұдан артық рахат табылмайды, – деп туған жерге деген ыстық сезімін жырға қосақан болатын.
Заман талабына сай туған өлке тарихына қызығушылық артып отыр. Шара қонағы – шежірелі Тарбағатай өңірінің тумасы. Туған жерге деген сүйіспеншілік кішкентай ғана ауылыңды сүюден басталады. Шолпан Кеңесханқызы өзінің туған ауылы Тасбастау, танымал Шілікті өңірі, ауылындағы танымал тұлғалар, ел-жер атауларының тарихы туралы тыңдармандармен бөліспекші.
Өнер өлкесінде көрерменнің көзайымына айналған, әдемі әндерімен танылған Шолпан Кеңесханқызымен болатын тікелей эфирден қапы қалмаңыздар!