Тіл- келісім мен достықтың негізі
«Тілден биік асқар жоқ,
Тілден асқан байлық жоқ,
Тілден терең теңіз жоқ»
( Ғ.Мүсірепов)
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Осы атаулы мерекеге орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Тіл – келісім мен достықтың негізі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда Қазақ жерінде 140-қа жуық ұлт пен ұлыс өкілі тұрып жатыр. Көрмені ашатын «Қазақстан: бірлік және келісім мекені», «Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы», «Қазақстан – қара шаңырағым», « Бірлігі жарасқан біздің үй» альбомдарында халықтың көпэтносты құрамының қалыптасу тарихы мен қазіргі жай-күйі ашып көрсетілген.
Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің себебі, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген тіл жанашыры, қазақ әліпбиінің атасына айналған Алаш арысы, Ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының туған күні. Көрме төріне ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиеттер қойылды. «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» жинағында ғалымның әр жылдары түзетіліп, өңделіп, толықтырылып отырған «Тіл - құрал», «Әдебиет танытқыш» кітаптары, мақалалары, мұрағаттан табылған құжаттар топтастырылған.
Экспозициядағы А.Құнанбаевтың түрлі тілдерге аударылған еңбектері оқырмандардың қызығушылығын тудырары сөзсіз. Кітапхана сайтындағы «Біздің Абай» электрондық кітапханасынан ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы құнды мәліметтермен таныса аласыз.
Кітап көрмесінің келесі бөліміне қойылған туындыларда тіл білімінің мәселелерін жан-жақты зерттеген С.Исаев, І.Кеңесбаев, Ө.Айтбаев, А.Жұбанов сынды белгілі ғалымдардың қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы, даму жолдары, бүгіні мен болашағы жайлы зерттеулері сараланады. Р. Сыздықтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», М.Серғалиевтің «Тілім менің – тінім менің», С.Аманжоловтың «Қазақ тілі теориясының негіздері», К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері», Ә.Османнның «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» жинақтарында қазақ әдеби тілін танытатын үлгілер мен олардың тілдік-көркемдік белгілері сипатталады.
Тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты жекеленген мәселелер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көрген «Тіл біліміне кіріспе», С.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» басылымдарында қамтылған.
Көрме «Тілдескіш» атты қазақ, орыс, ағылшын сынды әр түрлі тілдердегі сөздіктер, тілдерді үйренуге арналған грамматикалық еңбектермен аяқталады. Сонымен қатар, экспозицияға «Тіл және қоғам», «Тіл», «Туған тіл» сынды журналдар қойылды.
Қазақтың біртуар даңқты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы: «Тіл байлығы, тіл тазалығы — ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі» — деп айтқандай, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстайық, құрметті оқырмандар!
Сіздерді кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз!