Пресс-релиз
«Өнер, білім - бәрі де оқуменен табылған»
(Ы.Алтынсарин)
Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата-аналар және барша оқырмандар! Сіздерді жарқын да қуанышты мереке – Білім күнімен құттықтаймыз! Осы айтулы мерекеге орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы «Білім толқынында» атты кітап көрмесін ұсынады. Көрмеде мектеп оқушыларына, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған көркем, анықтамалық, ғылыми-танымдық әдебиеттер жинақталған.
Кітап көрмесі педагогика тарихынан бастау алады. Уақытпен тексерілген құнды педагогикалық тәжірибе А. Қалыбекованың «Антология педагогической мысли Казахстана» екі томдық жинағында, «Теоретические и прикладные основы народной педагогики казахов», «Қазақстандағы білім мен ғылым: жасампаздық хроникасы» кітаптарынан көрініс тапқан. Биылғы жылы туғанына 180 жыл толып отырған қазақтың көрнекті педагог-ағартушысы Ы. Алтынсариннің оқу-ағарту ісі бойыншы еңбектері, ақын М. Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі», «Сауатты бол», «Педагогика» тәрізді педагогикалық еңбектері де әдебиеттер көрмесінен орын алған. Әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, алаш қайраткері А. Байтұрсынұлының білім саласын зерттеуге қосқан ерен үлесі «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» басылымында кеңінен сипатталған.
Ұстаздықтың Хан-апасы атанған жерлесіміз Қ. Бітібаеваның білім беру саласына қосқан ерен еңбегі жайлы «Аты аңызға айналған ұстаз», «Қазақтың Қанипасы», «Ұстаздықтың падишасы» кітаптары сыр шертеді. Көрмеде ұсынылған қазақ кәсіби педагогикасының негізін қалаған академик А.П. Сейтешевтің 30 томдық таңдаулы педагогикалық еңбектері кәсіптік педагогика мен психологияның өзекті мәселелерін, жалпы педагогиканың жаңадан қосылған тармақтарын зерделейді. С. Ғаббасовтың «Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі» еңбегі ұрпақ тәрбиесі мен қоғам тәрбиесіне түбегейлі реформа жасау жөніндегі автордың жаңа көзғарасын егжей-тегжейлі түсіндіреді.
«Логопедия. Методическое пособие», Т.Деланидің «Развитие основных навыков у детей с аутизмом», «Нет необучаемых детей! Книга о раннем вмешательстве» кітаптары ерекше білім алуды қажет ететін балаларды оқытуда көмек берсе, Д. Бугтің «Рождённый читать», М. Адлердің «Как читать книги», Д. Бёрджестің «Обучение, как приключение», К. Вордерманның «Помогите разобраться детям в математике» еңбектері ұстаздарға балалардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттыруға ықпалын тигізеді.
Сондай-ақ, оқырмандар көрмеден «Бастауыш мектепте оқыту», «Мұғалім», «Мектептегі мерекелер» сынды журналдарды да таба алады.
Барша сүйікті оқырмандарымызды Білім күнімен құттықтай отырып, жаңа оқу жылына сәттілік тілейміз!
Байланысшы: Ошан М.