«Конституция - кез келген мемлекеттің айнасы,
саяси тұрақтылығының тірегі»
С. Сартаев
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан Облыстық кітапханасы 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай «Ата заң – ел ынтымағының ұйытқысы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Егемен еліміз талай тарихи асуларды басынан кешірді. Оның ең айтулысы - Ата Заңымыздың қабылдануы.
Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды.
Көрменің бірінші бөлімінде қойылған әлем әдебиетінің асыл мұраларының бірі саналатын түркі тектес халықтарға ортақ өлеңмен жазылған. Онда Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» философиялық ең көне дәуір туындысында халқымыздың рухани жан дүниесі мен рухани байлығы терең ашылып көрсетілген. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігі – тәуелсіздік жемістерінің бірі. «Елтұтқа», «Бабадан қалған асыл сөз» еңбектерінде 150-ге тарта әйгілі тарихи тұлғалар туралы ғылыми мағлұмат берілген. Қазақ құқығы көшпелі өркениет шеңберінде туып, сол дәуірдің ең құнды сипатын иеленді. Тарихымыздағы «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» – Қазақ хандығының өміршеңдігіне бірден-бір ықпал еткен мемлекеттің Ата заңдары. Көрменің келесі бөлімінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың ата заңдары», Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинақтарына ерекше орын берілген.
Алаш қозғалысының алтын дәуірінде Ә. Бөкейхановтың тапсыруымен заңгер Б. Сырттанов «Қазақ елінің уставы» деп аталатын еңбек жазған. Бұл - жаңа заманға сай жазылған тұңғыш қазақ заңы. Қ.Раевтың «Алаштың арда ұлдары» шығармасында Алаш көсемдерімен қатар жүріп, халқына қалтқысыз қызмет еткен заңгерлердің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер қамтылған.
Көрменің қорытынды бөлімі еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан кейінгі жетістіктерінен сыр шертеді. Кітап көрмесінде Қазақстан Конституциясының негізгі бағыттары жүйелі түрде көрсетілген. Адам және адамзат құқықтары, ішкі саясаттың негізгі бағыттары, Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы, ұлтаралық татулық жайлы кітаптары көрмеге қойылған.
Заң саласына өлшеусіз үлес қосқан, көрнекті ғалым Салық Зиманұлы Зимановтың «Казахский суд биев - общекультурологическая ценность» монографиясында қазақтардың құқықтық нормалары, билердің тұлғасы мен қызметі халық шежіресінің көрінісі ретінде қарастырылады. Біздің қадірменді жерлесіміз, құқықтанушы ғалым Ғ. Сапарғалиев Қазақстан Республикасы Конституциясын және заңнамаларды шығаруға қатысқан авторлардың бірі. Оның «Конституционное право Республики Казахстан» еңбегінде Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының қалыптасуы мен даму процесіне байланысты проблемалар жүйелі түрде зерттелген.
Елбасы «Казақстан жолы» кітабында осы жолда жүргізілетін жұмыстар Конституциядан ауытқымай Ата заңымыз аясында жүргізілуі тиіс делінген. «Жаңа Қазақстан» сериясымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақстан Республикасының Конституциясы» кітабын тамашалай аласыздар. Сонымен бірге, М. Матаеваның «Конституционная история Казахстана и стран Центральной Азии ХХ век», С. Дьяченконың « Казахстан политический: история, практика, личный опыт», «Қазақстан: табысқа жету тарихы әлемдік қауымдастық көзімен», Ө. Қопабаевтың «Ата заң-мемлекет дамуының іргетасы», «Мен – Қазақстан азаматымын» және т.б әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылды.
Құрметті оқырмандар, Отанымыз - тәуелсіз Қазақстан туралы жаңа мәліметтермен білімдеріңізді толықтыруға асығыңыздар. Сіздерді көрмеде күтеміз!