“Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін’’

“Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін’’

Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін’’:

Семей сынақ полигонының жабылғанына - 30 жыл

«Семей полигонын жабу және ядролық

 қарудан бас тарту – тәуелсіз Қазақстанның

 адамзатқа берген алғашқы игілігі болды»

Н.Назарбаев

 

«Адамзаттың өзін-өзі өлтіру құралын

Дамытуға тосқауыл қойған шешімді бірінші

 болып қабылдаған Қазақстан халқына

адамзат бір кездері өз алғысын да айтар»

О. Сүлейменов

Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада “Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін’’атты  экспозициялық кең көлемді  көрме жасақталды.

1991 жылдың 29 тамызында елбасы Н. Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны мәңгілікке жабылды. Ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартудағы Қазақстанның қызметін мойындаған БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні деп жариялады. Бұл әлемдік тарихта ядролық сынақ полигонын халықтың еркіне сай жапқан алғашқы  жағдай еді. Осылайша, Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және бейбітшілік кіндігі болды.

Көрменің алғашқы бөлімі советтік атом бомбасын жасау, алғашқы ядролық сынақ және оның зардаптарын көрсетуге арналған. Полигонының тарихы мен қасіреті, Семей ядролық полигонындағы сыналған 456 ядролық және термоядролық жарылыстың  адамдарға, қоршаған ортаға әсері туралы қоғам қайраткері К. Бозтаевтың «Семипалатинский полигон», «29 августа», «Человек и атом» кітаптарында баяндалған. Белгілі жазушы М. Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабында кешегі XX ғасырда адамзат қауымына ел билеушілері жасаған аса ауыр қастандық жайындағы ащы ақиқат деректі эссе түрінде өрілген.   

Республика аумағындағы атом полигонын жабу, совет-американ бейбітшілік жорығы туралы материалдар «Президент пырағы» еңбегінде көрсетілген. Ұйымдастырылған кітап көрмесінде әр жылдардағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген әдебиеттер ұсынылған. «Казахстан: архитектура безъядерного мира», «Ядролық отқа қарсы» туындылары Семей полигонының тарихынан сыр шертетін құжаттар мен фотосуреттер топтастырылған. Тарихшылар мен зерттеушілердің еңбектерінен  полигонның зардаптары, Қазақстанның бейбітшілікті сақтау жолындағы сындарлы қадамдары туралы мол мағлұмат алуға болады.

Кітап көрмесінің келесі бөлімі атом полигонын жабудағы Ұлт Көшбасшысының рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған. Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның қабылдануы – бұл аталған мақсаттарды жүзеге асырудағы жаңа әрі маңызды қадам болып табылады. Елбасымыздың «Бейбітшілік кіндігі», «G.GLOBAL.XXI ғасыр әлемі» еңбектерінде 1991 жылғы 29 тамыз күні «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» президент жарлығынан қалыптасқан геосаяси жағдай мен қол жеткен табыстар, қиындықтар мен қиналыстар түгел бүкпесіз жазылған.

Полигонның жабылуына ақын Олжас Сүлейменов ұйымдастырған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы негізгі рөл атқарды.

Олжас Сүлейменовтің «Беседы с Олжасом», «Өнегелі өмір»  кітаптарында қозғалыс тарихы, қазақ қасіреті, жер-судың зар-наласы толыққанды сипатталған.

Қортынды бөлім Семей полигонының трагедиясы жайлы  жазылған ақын-жазушылардың туындыларымен аяқталады. С. Досжанның «Қасірет пен тағдыр», Е. Елғонның «Атамекенде», Б. Тілегеновтың «Қара жел», Р. Нұрғалиевтің «Ай қанатты арғымақ», Ә. Қайырбековтың «Ардакүрең» сынды шығармаларында жер бетінде ашық сыналған бомбаның әсерін байқау үшін тірідей сынаққа ұшыраған адамдардың күйзелісі, жарылыстың табиғатқа қиянаты нақты бейнеленген.

Құрметті оқырмандар, сіздерді кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз!