27 тамыз 2021 жылы, сағ. 15.00-де мүсінші, суретші-флорист, ағаштан түйін түйген шебер, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының мүшесі Құрман Абайұлы Аймұханбетовпен ZOOM - платформасында «Ғасыр қасіреті» тақырыбында онлайн кездесу өтеді.
Шара 500-ге жуық ядролық сынаққа, 40 жылға созылған қасіретке толы Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Семей полигонындағы жойқын жарылыстардың зардабын мыңдаған адам тартты. Радиацияның әсерін бірнеше ұрпақ тартып, талай жанның денсаулығынан кінәрат табылған. Жерлестерінің тауқыметіне бей-жай қарай алмаған Құрман Айтмұханбетов оны мүсіндер арқылы сөйлетті. Әр мүсіннің өзіндік тарихы, айтар сыры бар.
Елімізге танымал семейлік қолөнер иесі Құрман Абайұлы Аймұханбетов 1956 жылы Қытай елінде, Шәуешек қаласында дүниеге келген. Кейінгі жылдары атамекенге оралған қандас бауырларымыздың бірі.
Құрман Абайұлы өмірінің 28 жылын полигон тақырыбына арнаған мүсінші. Республика көлемінде «Семей полигонының қасіреті» атты тақырыптық көрмелердің тұрақты мүшесі. Осы еңбектері еленіп, үлкен марапаттарға да ие болған. Шынайы шеберлікпен жасаған мүсіндерінен полигонның адамзатқа әкелген орны толмас қайғы-қасіретін, тіршілік атаулының тартып отырған жан азабын көруге болады. Атап айтсақ, мүсіншінің «Құбыжық адам», «Ананың көз жасы», «Хайуан адам», «Полигонның зардабы», «15 жасар кемтар бала», «Өлім әкелген саңырауқұлақ», «Махаббат өлімнен де күшті» және т.б. жиыны 30-дан аса мүсіндері адамның жан дүниесін тебірентеді. Аталмыш еңбектері 2016 жылы Астанада Полигонның 25 жылдығына орай Тұңғыш Президент кітапханасында, екінші аймақтық форумда және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты форумда қойылып, көпшіліктің қошаметіне бөленген.
- Менің көрмеге қойған жұмыстарымнан шарасыздықты ғана көрмеңіздер. Бұл алдағы болашаққа қорқыныш, алаңдату деп түсініп, осындай сұмдықты адамдар енді қайталамаса деген ескерту. Әрбір экспонат жан түршіктіреді, ойға батырады. Бұл арамызда өмір сүріп жатқан жандардың прототипі. Олар тек тауқымет шегіп жатыр. Біреудің қатесі үшін азап шеккендер. Осыны істеген Адам! – дейді Құрман аға.
Бұл күндері өзінің бірегей талантымен республика көлеміне танылып отырған Құрман Абайұлын білмейтін жан кемде-кем. Онлайн кездесуге қатысып, Құрман Абайұлының шығармашылығына, жасаған мүсіндеріне қатысты сұрақтарыңызды қойып, әcерлі жауаптар аласыздар деп ойлаймын.