«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жиырма жылдық галереясы» фотокөрмесінің ашылуы

«Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жиырма жылдық галереясы» фотокөрмесінің ашылуы

21 шілдеде А. С Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жиырма жылдық галереясы» фотокөрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына ерекше қорғалатын табиғи аумақ - Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аясында түсірілген жүз экспозициялық фотосуреттерді бірінші болып көру мүмкіндігі туды.

Көрмені ұйымдастырушылар - "Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" республикалық мемлекеттік мекемесі" және А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы" КММ.

Фотокөрме Катонқарағай МҰТП-нің жиырма жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына арналады.

Шараға экология және табиғатты пайдалану саласындағы өңірлік билік органдарының басшылары, табиғатты қорғау секторының жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Катонқарағай МҰТП бас директорының орынбасары Қырықбаева Раушан Намазқызы:

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2001 жылы құрылған. Бұл Қазақстандағы ең ірі ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Саябақ территориясы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерватының Ғаламдық тізіміне енгізілген. Мұнда Көккөл сарқырамасы, Рахман Қайнарының терма бастаукөздері, Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының Солтүстік тармағы (Алтын тармақ) және 643,477 гектар жерді алып жатқан әсем аумақта орналасқан басқа да көптеген көрнекті орындар бар. Саябақ аумағында құстардың 300-ден астам, өсімдіктердің мың және жануарлар, рептилиялар, амфибиялар мен балықтардың жүзге жуық түрі бар.

Парктің Ғылым, қоршаған орта мониторингі және ақпарат бөлімі қызметкерлері: бөлімі бастығы Габдуллина Алия Уланбекқызы мен аға ғылыми қызметкерлер Воробьев Владимир Михайлович пен Болботов Глеб Александровичтің бірегей фотосуреттері Ұлттық саябақтың өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қорғалатын объектілерін таныстырып, аумақтың бірегейлігін көрсетеді.

Ұсынылған суреттер Катонқарағай МҰТП-нің Белуха шыңдарынан Укока жазығына дейінгі ландшафтарының сан алуандығын көрсетеді, қорықтық аумақтардың мекендеушілері - қар барысы, тырналар, алтай ұлары және басқа да көптеген жануарларды көрсетеді.

Көрмеде дала жұмыстары кезінде түсірілген фотосуреттермен қатар, Оңтүстік Алтай жоталарының биік таулы бөлігінен түсірілген арнайы фотосуреттер ұсынылған.

Шагиева Бибигуль Жамбыловна, А. С. Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханасының директоры:

Біздің мақсатымыз әрбір фотосуретшінің өзінше тамашалаған Катонқарағай табиғи паркінің сиқырлы сұлулығын, тұмса табиғаты мен таңғажайып келбетін көрерменге көрсету. Фотосуреттерде – алып қырлар мен қарлы шыңдар, мөлдір көлдер мен құбылмалы сарқырамалар, бай әрі қайталанбас флора мен фауна, таңғажайып көркем көріністер, жарқын және түрлі ракурстар …

Фотожұмыстардың керемет галереясын біздің кітапхананың өлкетану топтамасының кітап көрмесі толықтыра түседі. Ұсынылған басылымдар тарихы бай, табиғаты таңғажайып, сан қырлы да алуан түрлі Шығыс Қазақстанды терең танып, түсінуге көмектеседі.

Фотокөрме А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада бір ай бойы жұмыс істейтін болады. Келіңіз, танысыңыз, көзбен көріп, сөзбен жеткізе алмайтын, табиғатына көз тоймайтын өлкемізді фотожұмыстардан тамашалап, әсем көріністен нәр алыңыз!