Таңғажайып саяхат: тікелей эфир

Таңғажайып саяхат: тікелей эфир

Шілде айының 20-шы жұлдызында ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының инстаграм желісінің тікелей эфирінде «Жастықтың оты жалындап» жобасы аясында елорда филармониясының сценаристі, қуыршақ театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, балалар драматургы, ақын Қуат Ежембекпен сұқбат өтті.

Эфир барысында қонағымыз өзінің ақынды жолға қалай келгенін, алғаш өлеңі балдырған шағында әкеге деген сағыштан туындағанын айтып ағынан жарылды.

Қазіргі таңда балалар драматургиясын қолға алып, соны дамыту жолында жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Өзінің жеке шығармашылығындағы жаңалықтың біріде осы драматургия саласына қосып жатқан үлесі екенін, оның ішінде ерекшесі балалар драматургиясын дамытуға жұмыс жасап жатқанын, жақында «Атамның өсиеті» атты пьесасының жазылып біткенін, және тамыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында сахналанатынын тілге тиек етті.

Балалар жазушысы болу қиындығы мол шығармашылықтың бір түрі екенін айта келе, биылғы жылғы ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Балалардың кітап оқуын қолдау» үндеуіне халық болып үн қосуымыз керек деген ой тастады. Біріншіден балаларға арналған әдеби өнім ұсынатын сөз шеберлеріне қолдау жасалу керек болса, екіншіден оқырман тарапынан сұраныс болу керек деген өз ойын білдірді.

Бір сағат мөлшеріне созылған эфир барысында Қуат мырза өзінің өлеңдерін оқып, оқырман тарапынан қойылған сұрақтарға барынша шынайы жауап беріп, алдыңғы толқын жақсы ағалардан жақсы тәрбие алғанын көрсетті. Байланыс соңында ұстазы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай дүниеден өткенде жазған «Тұлғалар қайтып барады» атты өлеңін оқып көрерменнің зор ықыласына бөленді.