«Екі шектің бірін қатты,
бірін сәл-пәл жай бұра,
нағыз қазақ, қазақ емес,
нағыз қазақ – домбыра!»
Қ. Мырзалиев
Шілденің бірінші жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Осыған орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Домбыра – асыл мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған ұлттық музыкалық аспабы. Аталмыш көрме шымылдығын аспаптың тарихы, түрлері, жасалу технологиясы жайындағы әдебиеттер экспозициясы ашпақ.
Домбыра туралы айтқанда, ұлы музыкант-домбырашыларды айтпай кетуге болмайды. Қазақстан талантты күйшілер мен ақындардың мекені. Көрмеге аспаптың тарихы, түрлері, домбыраның пайда болуы туралы аңыз, домбыраны үйрену және Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Қазанғап, Дина сынды өнер иелерінің күйлері туралы кітаптар мен альбомдар қойылды.
Өткен ғасырдың 20-жылдары Шығыс Қазақстаннан шыққан музыкант тенордың жұлдызы Ә. Қашаубаев қазақ елін әлемге танытты. Зерттеуші, жазушы Ж. Шәкәрімов «Әміре Қашаубаев өнердегі өмір» және «Париждегі Әміре» кітаптарында әншінің өмір белестері туралы сыр шертеді. Жоғарыда айтылған халық авторларының музыкалық мұрасы бізге А. Затаевичтің арқасында келді. Ол 2000-нан астам қазақ әндері мен күйлерін жинап, жазып алған. «Қазақ халқының 1000 әні» кітабы қазақ музыкалық фольклорын одан әрі зерттеуге жол ашты. «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағында еліміздің алуан аймақтарында қалыптасқан күй мектептері ғана емес, елімізден тысқары Монғолия, Қытай қазақтарының күй дәстүрлері бір арнада тоғысқан. Оның ішінде Шығыс Қазақстан домбырашыларының дәстүрі және оның ең ірі өкілі Байжігіт туралы ақпараттар бар.
Этнограф өнертанушы З. Жәкішеваның «Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары» атты еңбегінен сіз домбыраның түрлері, ежелгі атаулары жайында құнды мәліметтерді таба аласыз. «Көне дүние күмбірі» атты кітабында Ж. Шәкәрім музыкатанушы, профессор Б. Сарыбаевтың ғылыми еңбектеріне талдау жасайды. Ол алғашқы халық аспаптар мұражайын ұйымдастырды, көптеген музыкалық аспаптарды, оның ішінде үш ішекті домбыраны қайта жаңғыртты. «Жолаушы» кітабы еліміздің ән-күй өнеріне өз үлесін қосқан, ұлттық саз аспаптарын жасаушы хас шебер, біздің қадірменді жерлесіміз Жолаушы Тұрдығұловтың шығармашылығына арналған.
Халқымыздың рухани серігіне айналған қасиетті домбыраға арналған кітап көрмесі шілде бойы жұмыс істейді.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» демекші, домбыраның қазақ халқының тарихындағы алатын орны ерекше. Сіздерді домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Үйлеріңіздің төрінде домбыраның әсем әуені жиі естіліп тұрсын!
Байланысшы: Ошан М.
Телефон: 261-333