«Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945) еңбек армиясы қатарында болған шығысқазақстандықтар» электронды кітабының тұсаукесері

«Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945) еңбек армиясы қатарында болған шығысқазақстандықтар» электронды кітабының тұсаукесері

22 маусым 2021 ж. сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының фейсбук парақшасында «Ұлы Отан соғысы (1941-1945) жылдарында еңбек армиясы қатарында болған шығысқазақстандықтар»: электронды кітабының  тұсаукесері өтеді.

Басылыммен анықтама-библиографиялық қызмет орталығының қызметкері, өлкетанушы  Слямова Зиза Мұхтарханқызы таныстырады.

1941-45  жылдардағы Ұлы Отан соғысы  жылдарында еңбек армиясы қатарында болған «трудобойлардың» ерен еңбегі күні бүгінге дейін еленбей келді.

Тылдағы ауыр еңбекке араласқан, бүгінге азайып қалған ардагерлердің жүрегін сыздатып, жанын жаралап жатқан ұмытылмас естеліктері, толық зерттелмеген тарихы бар. Тарихтағы сондай ақтаңдақтардың бірі – Ұлы Отан соғысы деп аталатын зұлмат жылдары еңбек армиясын алынғандар тағдыры. Еңбек армиясы дегеніміз не?

Еңбек Армиясы – жұмыс күшін адамның еріктен тыс пайдалану кеңес экономикасының ажырамас бөлігі болып табылады, кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен басталған. Осы кезеңде құрылған еңбек армиялары кеңес дәуірінде азаматтарды еріксіз түрде әскери қара жұмыстарға мәжбүрледі.

Соғыс кезінде еңбек армиясы қатарында болғандар екі категорияға бөлінді. Бірінші категория моральдық-саяси белгілері бойынша майданға шақырылмаған, арнай қоныстандырылған  халық  өкілдерінен құрылды. Екінші категория бойынша көпшілігі ұжымшар тұрғындары болып табылатын 200 мыңдай колхозшы қазақтар да шақырылған екен.

Ұлы  Жеңісті жақындатуға қарумен емес, қара күшімен өлшеусіз үлес қосып, фашистермен «жым-жырт қана» соғысқан еңбек армиясының ерлері жайлы архив деректері мүлдем жоқ деуге болады.

Тарихымыздағы осы ақтаңдақты қалпына келтіру үшін біздің кітапхана «Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында болған шығысқазақстандықтар» атты тың жобаны қолып, электронды кітап шығаруды жоспарлаған еді.

Ұлы Отан соғысының басталған күні - 22 маусымда қолымыздағы жиналған материалдар негізінде аттас электронды кітаптың тұсаукесері өтпек. Әкелері, ата-апалары  туралы деректер жинастырып, электронды кітаптың жарық көруіне көмектескен оқырмандарымызға алғысымыз шексіз!