«Өнермен өрілген өмір»

«Өнермен өрілген өмір»

Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Қазақ радиосының ардагері, жерлесіміз, режиссер Көкенай Камалиевпен онлайн кездесу

14 маусым сағат 15:00-де А. С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының ұйымдастыруымен әнші, режиссер, Зайсан ауданының Құрметті азаматы, «Өнерлі елім – Зайсаным» кітабының авторы Көкенай Камалиевпен тікелей эфирде(ZOOM)  кездесу өтеді.

Көкенай Камалиев 1937 жылы 18 ақпанда Зайсан ауданы, Көгедай ауылында дүниеге келген.    1956 жылы Зайсан ауданындағы «Благодарное» орта мектебін бітіреді. Сол жылы Қазақтың Мемлекеттік  Абай атындағы академиялық опера және балет театры жанынан тұңғыш ашылған студияға түскен. 1958 жылы студияны бітіріп, театрда 3-4 жыл жұмыс істеп, көптеген опералық қойылымдарға қатысқан. Ришат ,Мүсілім Абдуллиндер, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Кәукен Кенжетаев, Әнуарбек Үмбетбаев, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты өнер майталмандарымен бірге жүріп, спектакльдерде ойнап, ән салады.  

К. Камалиев 1961-1963 жылдары Көгедай орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беріп, көркемөнерпаздар ұйымын басқарады. Кейін аудан орталығы Зайсан қаласына шақырылып, 1963-1968 жылдары аудандық мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері, мәдениет бөлімінің инспекторы қызметтерін атқарды.

1977-1997 жылдарда Республикалық Қазақ радиосында саяси хабарлар бас редакциясы мен «»Алтын қор» редакциясында хабарларды музыкамен көркемдеуші және дыбыс режиссеры қызметінде болып сол жерден еңбек демалысына шықты. Зайсан өңірінің мәдениет саласын өркендету жолында еңбек еткен Көкенай Камалиев бүгінгі күні Алматы қаласында тұрады.

Сонымен қатар, кездесу барысында еліміздің бірі әрі бірегейі – биыл 100 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған, кемеңгер қарттың жасына келген Қазақ радиосы туралы кеңінен әңгіме айтылады. Қазақ радиосының ардагерімен бірге сүбелі де тартымды сұхбатты өткізіп алмаңыздар.