Көк тудың желбірегені»: Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» Алмас Ахметбекұлымен онлайн кездесу

Көк тудың желбірегені»: Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» Алмас Ахметбекұлымен онлайн кездесу

3 маусым күні сағат 15.00-де Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күніне орай А. С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмас Ахметбекұлымен ZOOM платформасы мен Facebook @Pushkinlibrary парақшасында онлайн кездесу өтеді.

Алмас Ахметбекұлы өткен ғасырдың 80-жылдарында поэзия әлеміне араласқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар дара әрі талантты ақын. 1961 жылы ҚХР, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1982 Іле педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. 1982-1992 жылдар аралығында Шәуешек қаласында шығарылатын «Тарбағатай» әдеби журналының редакторы болып қызмет атқарып, 1993 жылы тарихи Отанына оралды. Қоғам қайраткері Алмас Ахметбекұлы бірнеше жыр жинақтарының авторы. Ақынның өлеңдерінің басым бөлігі патриоттық тақырыпта.

Автордың елге, жерге деген сағыныштан жұдырықтай жүректі жарып шыққан алты шумақ өлеңі, «Көк тудың желбірегені» - рухты оятатын нағыз патриоттық ән, Отанға деген сүйіспеншілік пен тілектестіктен туған туынды.

Бұл ән 1999 жылы шыққан. Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін әннің әуенін жазған - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сазгер, әнші Ермұрат Зейіпхан.

Алғаш рет сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнін әнші, отандық опера жұлдызы Майра Мұхаммедқызы орындап шықты. Қазір Ибрагим Ескендір нақышына келтіріп орындап жүр.

Жастарды отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеудің негізгі жолы – ұлттық рәміздерді насихаттау.

Рәміздер күніне орай ұйымдастырылап жатқан тікелей эфирде Алмас Ахметбекұлына тікелей сауал жолдауға мүмкіндіктеріңіз бар.