«Бір бәйтерек, бір шынар»: әнші, композитор Кентау Назарбекпен онлайн-кездесу

«Бір бәйтерек, бір шынар»: әнші, композитор  Кентау Назарбекпен онлайн-кездесу

2021 жылдың 14 мамырында сағат 15.00-де  А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында қазақ өнерінің қайраткері, әнші, композитор Кентау Назарбекпен онлайн-кездесу ұйымдастырылады.

Кентау Назарбек 1965 жылы 5 наурызда бұрыңғы Семей облысы, Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген. 1986 жылы Семейдің Шәкерім атындағы пединститутының көркемсурет факультетіне түсіп, оны 1991 жылы тәмамдаған.

Алпысқа жуық әннің, соның ішінде халық көкейінен шыққан «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әннің авторы бүгінде шығармашылық өрлеу шағында. 1993 жылғы «Үкілі үміт» атты республикалық композиторлар байқауының, Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған қалалық, республикалық композиторлар байқауының жүлдегері.

2013 жылдан Астана, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы оқушылар Сарайының вокал бөлімінің меңгерушісі.

"Абай өлеңі" әнінің авторы, композитор Кентау Назарбек – хакім Абайға арнап ән жазған тұңғыш композитор. Сондай-ақ, сазгер-әншінің «Мен қазақпын», «Ұлы еліме», «Құралайым» , «Қайда кетіп барасың?!», «Үш бақытым»,  «Жастық», «Жарық күн», «Бүгін менің туған күнім ой, пәлі-ай…» «Мен қазақпын», «Жүрегім жүрегіңде»,   «Қазақ жері»,  «Бір бәйтерек, бір шынар»,  «Мені ізде»,  «Сыйласайық» және  т.б. әндері халық арасында кең таралған.

Тікелей эфирде қонағымыз Кентау Назарбек шығармашылық өмір жайлы өз әсерімен бөлісіп, шығармаларының басты тақырыптары, әндерінің тарихы туралы әңгімелейді.

Құрметті әнсүйер қауым! Сіздерді, өнер мен талантты биік бағалайтын ағамыз, академик Мырзатай Жолдасбеков ел алдында тұсауын кескендей, ағалық батасын беріп, «Біржан сал мен Ақан серінің ізбасарысың» деген жоғары бағасын алған Кентау Назарбекпен болатын онлайн кездесуге шақырамыз. Кеш қонағының өз аузынан әндерінің шығу тарихын естіп, ән мен жыр-толғауларын тыңдауға, сұрақ қоюға мүмкіндіктеріңіз бар!

Байланысшы: Кемешева Меруерт,  87052819343