«ТМД елдері Тәуелсіздігіне 30 жыл: әдебиеттер достығы»

«ТМД елдері Тәуелсіздігіне 30 жыл: әдебиеттер достығы»

4-6 мамыр аралығында, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылғанына 30 жыл толуына арналған «ТМД елдері Тәуелсіздігіне 30 жыл: әдебиеттер достығы» атты интерактивті әдебиеттер экспозициясы жұмыс істейді. Көрмеде ТМД елдерінің экономика, ғылым, саясат, мәдениет саласындағы ынтымақтастығы туралы басылымдар ұсынылады.

Болашақ дипломаттар мен халықаралық қатынастарды зерттеушілер үшін дипломатия тарихы және қазіргі халықаралық саяси жағдай туралы әдебиеттер, мемлекет қайраткерлерлерінің, бизнесмендердің, көрнекті тұлғалар мен мамандардың ішкі және халықаралық саясат, өткен және қазіргі саяси процестер туралы ой-толғау кітаптары қызықты болмақ. Сондай-ақ, Достастық елдерінің негізгі заңдарының мәтіндері осы мемлекеттердің мемлекет қайраткерлері мен заңгер-ғалымдарының кіріспе мақалаларымен бірге берілген «Конституции государств – участников СНГ» жинағымен танысуға кеңес береміз. ТМД елдері мен халықтарының мәдени-тарихи «визиткасы» деп «Всемирное наследие Содружества Независимых Государств» альбом-энциклопедиясы мен «20 лет СНГ» басылымдарын атауға болады, оларда Достастықтың қалыптасу кезеңдері, интеграциялық процестердің даму барысы, мемлекет басшылары Кеңесінің, ТМД елдері Үкіметі басшыларының Кеңесі және Сыртқы істер министрлері Кеңесінің отырыстары, сондай-ақ Достастық елдерінің тарихи-мәдени мұрасының маңызды ескерткіштері және мәдениеттерінің сан алуандығы көрініс тапқан.

Көрмеден ерекше орын алған – полиэтносты Еуразия – ТМД елдерінің белгілі ақын-жазушыларының шығармалары. Олардың шығармалары мен аудармалары «Халықтар достығы», «Классика литератур СНГ», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Библиотека «Дружбы народов», «Әлемдік классика», «Аударма», «Библиотека журнала «Аманат», «Библиотека классики»   тәрізді бірнеше серияда ұсынылған. Ал ТМД-ға мүше елдердің қазіргі заманғы жас ақындарының шығармашылығы «Содружество дебютов» жинағына топтастырылған.  Қазақтың ұлы ақыны әрі философы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай жарық көрген қазақ-беларусь әдеби ынтымақтастығы тарихындағы тұңғыш басылым – «Казахстан-Беларусь» әдеби-көркем альманахы да ерекше назар аудартады. Ал жыл сайынғы «Қазақстан-Ресей» әдеби-көркем альманахының кезекті шығарылымы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасасудың 25 жылдығына арналған.    

Көрменің ақпараттылығын ТМД-ның Мемлекетаралық статистикалық комитеті жасаған Достастық елдерінің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы деректер берілген әртүрлі инфографикасы арттыра түседі.

ТМД елдерінің экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік табыстары, мәдениеті мен өнерінің дамуы тек этностар бірлігіне ғана емес, шектес аумақ халықтарының достығы мен өзара түсіністігіне, олардың бейбітшілік пен тату көршілікке деген ортақ ұмтылысына негізделеді. Көрме – жемісті және жан-жақты ынтымақтастықтың көрнекті мысалы әрі нәтижесі, елдердің, мәдениеттер мен әдебиеттер арасындағы достастықтың жарқын дәлелі.