«Бір шаңырақ астында»: Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған онлайн бағдарлама

«Бір шаңырақ астында»: Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған онлайн бағдарлама

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы «Бір шаңырақ астында» онлайн іс-шаралар бағдарламасын ұсынады.
Биыл көпұлтты еліміздің сүйікті мерекесі 25-ші рет аталып өтеді. Көктем жылуы мен шуағы да іспеттес, ортақ шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан этностардың алуан түрлілігі де мемлекеттің қалыптасуы мен өркендеуіне өз үлесін қосуда.
Достық пен келісімсіз жер бетінде бейбіт өмір болмайтындығын әдеби экспозицияда ұсынылған басылымдардан аңғаруға болады. «Казахстан: страна мира и согласия», «Благодатная земля Казахстана», «Во имя мира и созидания», «Единство в многообразии» басылымдары этносаралық өзара байланыстың бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған. «Восточный Казахстан: согласие и созидание» үш тілді фотоальбомы өзінің өнеркәсібімен, аграрлық секторымен, ең бастысы – еңбекқор және талантты адамдарымен, 140-тан астам этнос өкілдерімен танымал болған туған өлкеміздің айтулы жетістіктерін баяндайды. Жерлестеріміздің тарихы, дәстүрі мен мәдениеті Н. Цойдың «Воспоминания», Н. Петельская мен М. Резонтованың «Поляки Восточного Казахстана: прошлое и современность», Н. Крутованың «Евреи на земле Восточного Казахстана», «Белорусы в Восточном Казахстане», О. Дымованың «Тепло казахстанской земли», Г. Бельгердің «Родство» еңбектерінде көрініс тапқан. «Дом, в котором живет Дружба» туындысы республикадағы алғашқы Халықтар Достығы Үйінің құрылу тарихымен таныстырады. Сондай-ақ, Отанымыздағы түрлі этностардың ұлттық киімдеріне, тағамдарына арналған альбомдар мен басылымдар да оқырман қызығушылығын тудырары сөзсіз.
«Достық=Дружба», «Қазақстан патриоты», «Қазақ өркениеті=Казахская цивилизация», «Мысль», «Парасат», «Абай», «Дәстүр», «Простор» республикалық әдеби-көркем және фольклорлық-этнографиялық журналдарынан, ТМД халықтары өкілдерінің шығармалары жарияланатын «Дружба народов» Мәскеу әдеби-көркем журналынан қызықты мақалалар, эсселер, жаңа басылымдар мен жаңа есімдер, ретроархивтерді кездестіруге болады.
Сондай-ақ, мерекелік бағдарламаға келесі іс-шаралар енген:
- «ЕСІМ.kz» этнографиялық-онлайн акциясы: есімдер халықтың дәстүрі мен мәдениетінің бір бөлігі ретінде – оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Қатысу шарттары әлеуметтік желілерде орналастырылған;
- «Шығыс Қазақстан халқының ертегілері мен аңыздары»: өлке фольклоры бейнежобасы;
- ШҚО суретшілері мен фотографтарының «Бірлігі жарасқан шырайлы шығыс» онлайн галереясы. Мерей Қайнарұлы мен Тілеубек Шаяхмет есімді жас әрі талантты фотосуретшілер көрерменге көктемгі көңіл-күй сыйлайтын болады.
Барлық іс-шаралар @pushkinlibrary Ютуб аккаунтында қолжетімді.
Бағдарлама бойынша сұрақтарды WhatsApp 87052821127 немесе pushkinlibrary@yandex.kz е-поштасына жіберуге болады.
Мейрамдарыңызбен, құрметті достар! Біз біргеміз!

Байланысшы: Ашкенова Ж.