Абайдың киелі даласы: фотоальбом тұсаукесері

Абайдың киелі даласы: фотоальбом тұсаукесері

16 ақпан күні сағ.11.00-де А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы Facebook парақшасында «Абайдың киелі даласы» / «Степная планета Абая» / «The steppe planet of Abai» фотоальбомының тұсаукесері өтті. Жаңа басылым Абайдың өмірі және шығармашылығымен байланысты тарихи, киелі орындармен таныстырады.
Фотоальбомды шығару жобасы ұлы гуманист-ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен, А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының жүзеге асыруымен жарыққа шықты.
Жоба жетекшісі әрі фотоальбом мәтінінің авторы Борис Васильевич Щербаков Абай Құнанбайұлының туған жеріне жасаған сапар барысында нағыз жолбасшыға айналды. Борис Щербаков – орнитолог ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, жазушы, Қазақстан және Ресей Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақ КСР Ағарту ісінің үздігі. Борис Васильевич өзінің «Путь к Абаю», «Жидебайдың жұлдызды даласы» / «Звёздная степь Жидебая», «Шығыс Қазақстан – Еуразия жүрегі» / «Восточный Казахстан – сердце Евразии» атты кітаптарында алғашқылардың бірі болып Абай әлемін қоршаған табиғат әсері арқылы ұсынады. Б. В. Щербаков жазиралы даланы ерекше шабытпен суреттейді. Альбомның фотосуреттері мен мәтіні Абай дәуірінің рухымен, кең даланың ауасымен, тарихи ескерткіштер: Кеңгірбай би, Сырт Қасқабұлақ, дала бұлағы, Құнанбай құдығы, музей-үйі, Абай кесенесінің ерекше нұрымен ұштасқан. Мұнда Б.В. Щербаков және кітапхана қызметкерлері В.А. Рейхель, А.Н. Мишелевтің түсірген фотосуреттерімен бірге, Семей қаласының тарихи-өлкетану мұражайы мұрағатынан алынған фотосуреттер де бар. Сондай-ақ, басылымнан Риддер қаласының тарихи-өлкетану мұражайы қорынан алынған танымал жерлес суретші Ю.Г. Хабаровтың (Рерль) Құнанбай әулетіне арналған портреттері де орын алған.
Біз «Абайдың киелі даласы» / «Степная планета Абая» / «The steppe planet of Abai» фотоальбомы Абай шығармашылығының терең сырын түсінуге өз үлесін қосып, өлкетану топтамасынан лайықты орын алады деп үміттенеміз.
Фотоальбомның сандық нұсқасы «Біздің Абай / Наш Абай» – abai.pushkinlibrary.kz электронды кітапханасы мен Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасына http://kazneb.kz. қойылған.

Байланысшы: Сакпанова Жанна, тел. 261333