«Хәрри Поттерді» қазақша сөйлеткендер

«Хәрри Поттерді» қазақша сөйлеткендер

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына енген Ж.К. Роулиңнің «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітабын аударған Динара Мазен, Саят Мұхамедияр, Раиса Қадермен онлайн кездесу.
Кездесу 12 ақпан күні сағат 15.00 де А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен Facebook желісіндегі @Динара Мазен парақшасында өтеді.
Жоан Роулиң – әлемдегі ең бай жазушының бірі. Оның әйгілі «Хәрри Поттер» романдар топтамасы 500 миллионнан астам данамен таралып, 80-нен астам тілге аударылған екен. Жазушыны миллиардер еткен бұл кітап қазақшаға аударылып, өз оқырманына жол тартты.
Қазақша «Хәрри Поттер» сериясының иесі – Steppe & World Publishing баспасы. Баспаның негізін қалаушы және басшысы – Раиса Сайранқызы. «Рухани жұтаңдықтың орнын толтыратын жалғыз дүние бар, ол – әлем әдебиетін ана тілінде оқу, ана тілінде дүниені тану. Осы жолда қазақ халқына әлемнің үздік әдеби шығармаларын ана тілімізде таныстыруды өзімізге мақсат еттік» дейді баспа иесі.
Динара Мазен аудармашы, филолог, көркем аударма магистры. «Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас», «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны», «Хәрри Поттер мен Отсауыт» кітаптарын қазақ тіліне аударған. Балаларға арналған әдеби кітаптар, энциклопедиялар, оқулықтар аударады.
Саят Мұхамедияр 2014 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, аударма ісі мамандығы бойынша бакалавриатты бітіріп, 2018 жылы Болашақ бағдарламасы арқылы АҚШ, Калифорния штаты, “Монтерейдегі Миддлбери халықаралық зерттеулер интститутын” жазбаша және ауызша аудармашы мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Қазір ҚазХҚ және ӘТУ аударма факультетінде оқытушы болып істейді. «Хәрри Поттер мен Пәлсапа тас»,«Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны», «Хәрри Поттер мен Отсауыт» кітаптарын қазақ тіліне аударуға қатысқан.
Әлем әдебиетін қазақ тілінде сөйлетуді мақсат еткен аударма тобымен
баршаңызды салиқалы сұхбат құруға шақырамыз!

Байланысшы: Шомбина Азия , тел.: 87051489755