М.Әуезовтің «Абай жолы» және Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» литва тілінде: онлайн кітап тұсаукесері

М.Әуезовтің «Абай жолы» және Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» литва тілінде: онлайн кітап тұсаукесері

14 желтоқсан күні Абай кітапханасы Қазақстанның Литвадағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен М.Әуезовтің «Абай жолы» және Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітаптарының литва тіліндегі онлайн-тұсаукесеріне ZOOM платформасында қатысты.
Онлайн іс-шараға Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшісі В.Темірбаев және Каунас, Клайпедадағы Қазақстанның құрметті консулдары, Вильнюс университетінің, Литва Журналистер одағының, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасының, Литва Ұлттық қауымдастықтар үйінің, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Литвалық бұқаралық ақпарат құралдары және Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы кітапхананың мамандары қатысты.
Іс-шара барысында ҚР Литвадағы елшісі В.Темірбаев М.Әуезовтің "Абай жолы", Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты кітаптарына тоқталып, бұл шығармалар 2020 жылы Қазақстандағы «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында негізгі әдебиеттер екендігін атап өтті.
Литва тіліндегі кітаптар Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл және көрнекті ғалым Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай «Жара» баспасымен бірлескен түрде шығарылды. В.Темірбаев осы айтулы даталарды атап өту аясында Литвада өткізілген іс-шаралар туралы да әңгімеледі.
«Жара» баспасының өкілі Айдас Жандарис «Абай жолы» романының литва тіліндегі басылымдары туралы айтты. Ол «Абай жолы» романының 1-2 бөлімі 1950 жылға, ал 3-4 бөлімі 1960 жылға тиесілі екенін атап өтті. Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романын аудару кезіндегі кездескен қиындықтар туралытілге тиек етті.
А.Мицкевич атындағы Вильнюс кітапханасының директоры Эмилия Баненит кітапхана қорындағы қазақстандық авторлардың кітаптар қоры туралы әңгімелеп, сондай-ақ Литва мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты дамыту қажеттілігін атап өтті.
Симонайте атындағы Клайпеда облыстық көпшілік кітапханасының директоры Иозес Шашнарес, өз сөзінде Қазақстанның Литва үшін өте қызықты екенін, оның өте бай ел екенін айтып, өнер мен әдебиет адамдарды қаншама мыңдаған шақырымдарда жатса да біріктіретіндігін айтып, келешекте Литва авторларының кітаптарын қазақ тіліне аударуды ұсынды.
Абай кітапханасы директорының орынбасары Г.Т.Нугуманова тұсаукесерге қатысушыларды ұлы Абайдың есімімен тығыз байланысты кітапхана тарихымен таныстырып, шетелде ақын туралы алғашқы мәліметтерді американдық журналист Дж.Кеннан «Сибирь и ссылка» кітабында жариялағандығына тоқталып, Абайдың және оның ұлдарының Ресей географиялық қоғамы мен Семей бөлімшесінің мүшелері ретіндегі қайырымдылық қызметі туралы куәландыратын ақпараттар айтып, кітапханадағы Абай оқыған кітаптар және сирек кездесетін кітапхана қорынан шыққан өлкетану басылымдары туралы әңгімеледі.
Кітапхана қызметкері М.Слямджан «Абай әлемі» сериясында жарық көрген кітаптар туралы, олардың арасында Абай, Шәкәрім, М.Әуезов және тағы да басқа шығармалар туралы айтты. Іс-шара соңында Литва мен Қазақстандық қонақтар осы іс-шараның ұйымдастырушыларына қазақстандық авторлардың кітаптарын литва тілінде таныстырғаны үшін зор алғыстарын білдірді.