15 желтоқсан күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай @Ақсуатмәдениетүйі Домкультурыаксуат Фейсбук парақшасында Тарбағатай ауданы, Ақсуат мәдениет үйінің "Сұлу саз" халықтық ән~би ансамблі мен Түркия, Иран, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен Халықаралық түркі халықтары фестивалінің жүлдегері "Бабалар сазы" этно тобының "ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ" онлайн концерті өтеді.
«Бабалар сазы» этно тобы ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақсуат мәдениет үйінің жанынан 2014 жылы құрылған. Ансамбльде шертпелі аспаптар домбыра, үш ішекті домбыра, жетіген, шертер, шіңкілдек, соқпалы аспаптар дабыл, дауылпаз, даңғара, асатаяқ, үрмелі аспап шаңқобыз, құссайрауық, су сылдыры, саз сырнай, ыспалы аспаптардан қылқобыз бар.
Ансамбль құрылғаннан бастап үш мәрте облыстық «Туған ел - алтын бесік» байқауында жүлдегер атанды. Ежелгі түркілер мекені Катонқарағайда өткен Халықаралық «Алтай - Түркі әлемінің алтын бесігі» музыкалық фестиваліне екі рет қатысып жүлделі орын иеленген.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына республикалық «Ұлы дала қырандары» қозғалысының «ҰЛЫ ДАЛА – ҰЛТТЫҚ РУХ» фестивалында республикадағы филармониялық өнер ұжымдарының қатарында Астанада Қазақ елі алаңында өнер көрсетіп, этно топтар арасында бас жүлде алды.
2018 жылы Иран Республикасы Тегеран қаласында өткен Наурыз мерекесіне еліміздің атынан қатысып, Иран Ислам Республикасы Тегеран әкімшілігінің арнайы сертификатын алды.
2019 жылы елбасы Н.Назарбаевтың «Жаһандағы Қазақстандық мәдениет» жобасын іске асуда Түркияның Бурса қаласы Ұлы-Дағ, Анкарадағы «Бажкент» университетінің «Түркі әуендері» музыкалық жобасына шақырту алып, Бурса-Анкара қалаларында концерт берді.
2019 жылы Самарқанд қаласында өткен ХІІ Дүниежүзілік «Шарк тароналари» музыка фестиваліне қатысты. Әлемнің 46 мемлекеті қатысып, ішінен 33 елдің өнерпазы Регистан алаңында өнер көрсету құқығына ие болды.
Этно ансамбль репертуарында қазақтың көне жырлары Қазтуған жыраудың «Алаңда, алаң, алаң жұрт...», А.Ахатұлының «Домбыра», Н.Тілендиевтің «Аққу», «Жекпе жек», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Нұрым жыраудың «Мен қашанғы жүйрігің...», халық күйлері «Бұлғын сусар», «Үш теке», «Сары өзен», Абай «Тор жорға», Ш.Қорғанбек «Абай сыры», «Көк түріктер», Т.Жахин «Бабалар мекені - Алтай» күйі, халық әндері «Шилі өзен», «Гүлдариға», «Қара жорға», «Қарай көзің», Абай «Желсіз түнде жарық ай», Ж.Жабаев «Ақындарға арнау» сияқты шығармалар бар.
Тәуелсіздік рухы мен бабалар ерлігін өнерге арқау етіп, этнографиялық дәстүрлі музыкалық аспаптарын қолдану арқылы ұлтымыздың музыкалық жәдігерлерін насихаттап жүрген ұжымының онлайн концертіне баршаңызды шақырамыз!