
26 қыркүйек күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында жазушы Йана Боризбен «Сөз ағымына қарсы» атты шығармашылық кездесу өтті.
Кездесу барысында оқырмандар қаламгердің шығармашылығымен, тарихи романдары және нақты оқиғалардан, отбасылық хикаялар мен мұрағат деректерінен шабыт алған ретродетективтерімен танысты. Әсіресе «По степи шагал верблюд», «Жирандоль», «О чём смеётся Персефона» атты кітаптары мен Флоренция Листратова туралы ретродетективтер сериясы көпшілік қызығушылығын тудырды.
Йана Бориз Қазақстанда дүниеге келіп, осында өскен. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған, филология ғылымдарының кандидаты. Ғылыми диссертациясы Райнер Мария Рилькенің поэтикасына арналған. Ұстаздық қызмет атқарғаннан кейін кәсіби жолын қаржы саласында жалғастырғанымен, әдебиетке деген сүйіспеншілігі оны қайтадан кітап әлеміне алып келді.
Кездесу барысында Йана Бориздің әдебиетке келу жолы, шығармаларымен жұмыс істеу барысы және кейіпкерлерінің дүниеге келу тарихы сөз болды. Кездесуге қатысушылар жазушыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оқыған кітаптары жайында пікір алмасты және қаламгермен еркін әңгімелесті.
Шығармашылық кеш жылы әрі әсерлі атмосферада өтіп, қонақтарға жаңа әсер, тың ой мен қызықты мәліметтер сыйлады. Кездесу қатысушылардың қазіргі қазақстандық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, жазушы шығармашылығына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.