«Shygys Book Fest – 2026» кітап фестивалі

«Shygys Book Fest – 2026» кітап фестивалі

2026 жылдың 11 қыркүйек күні «KitapTime - 2026» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында «Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы» ММ және А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен Өскемен қаласындағы көрікті орындардың бірі – Арбатта «Shygys Book Fest – 2026» кітап фестивалі өтті.

Шараның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Зерделі ұлт» идеясын қолдау, кітап оқуды дәріптеу, кітап оқу мәдениетін дамыту және сапалы оқуды зияткерлік әрі мазмұнды демалыстың бір түрі ретінде кеңінен насихаттауға ықпал ету, жерлес қаламгерлердің шығармашылығы мен баспалардың өнімдерін кеңінен таныстыру, қолдау көрсету.

Фестивальға облыстық, қалалық және аудандық кітапханалар қатысып, мереке қонақтарын мазмұнды да қызықты түрлі локацияларда қарсы алды.

Шара аясында А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының ұйымдастыруымен Шекербану Рахметолдақызының «Қабанбай» кітабының және жерлес жазушы Нұрғайни Мұқанованың «Наймандар» кітаптарының таныстырылымы өтіп, жаңа кітаптар оқырманға жол тартты. Мереке күні ұлы Абайдың тәмсіл сөздері сахна тілінде сөйлеп, «SAMGA» жастар театры актерлерінің орындауындағы «Болыс болдым, мінеки...» театрландырылған көрінісі көрермен тарапынан аса жылы қабылданды.

Сондай-ақ, бұл күні келушілерді ауқымды мәдени бағдарлама, жазушылармен және танымал тұлғалармен кездесулер, автограф-сессия, кітап жәрмеңкесі, буккроссинг, тақырыптық кітап көрмелері, арт-кеңістік, зияткерлік сайыстар мен сыйлықтар, шығармашылық шеберлік-сағаттары, интерактивті ойын аумақтары қарсы алды. Кітапсүйер қауым жазушылар Нұрғайни Мұқанова, Шекербану Рахметолдақызы, фантаст-жазушы Тим Волков, Алина Тайгамен жүздесіп, автограф-сессияға қатысып, қолтаңбаларын алу мүмкіндігіне ие болды. Аудандар тарихы мен шежіресінен сыр шертетін Алтай, Ұлан, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Самар, Марқакөл аудандары кітапханалары ұсынған әдеби-өлкетану көрмелері мен қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі мерекеге жиналған қауымның ерекше назарына ие болды. ШҚО зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы мүмкіндігі шектеулі фестиваль қонақтарына «Кітаптың үні» аудиолокациясын, «Табиғатқа жаңа өмір сыйла» шығармашылық-экологиялық локацияларын, Брайль қарпіндегі және ерекше форматтағы басылымдар көрмесін ұсынып, «Менің Қазақстаным» тактильді кітабын жасау шеберлік сағаттарына қатысуға шақырды. А.С.Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының ЖИ көмегімен жасалған ұлы тұлғалардың цифрлық бейнелерімен сұхбаттасуға арналған интеллектуалды TULGAI AI-кабина-қосымшасы, «Фантастикалық күз» косплейі, ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасының сүйікті қаламызға арналған айрықша фоткөрмесі мен түрлі интеллектуалды және қозғалмалы ойындары мен шығармашылыққа арналған қызықты алаңдары, О. Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана ұйымдастырған полигональды модельдеу техникасында жасалған ерекше қағаз роботпен фотосессия, комикстар желісімен жасалған 3D-бұйымдар мерекеге жиналған жас қонақтардың ерекше ықыласына ие болды. Ал қалалық өнерпаздар мен Ұлан ауданынан арнайы келген «Ұлан сазы» балалар музыка мектебінің өнерлі өрендерінің тамаша концерттік бағдарламасы кітап мерекесіне айрықша әсер сыйлады.

Сондай-ақ, фестивальға жиналған кітапсүйер қауым «Арго» және «Қасым» баспасының айрықша басылымдарын сатып алу мүмкіндіктеріне ие болды.

«Shygys Book Fest – 2026» – автор - баспа - оқырман арасына алтын көпір болған, кітапты заманауи форматта насихаттаған ерекше мәдени алаңға айналып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады.