
10 тамыз – «Абай күніне» орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Атымды Абай қойған соң...» атты мерекелік бағдарлама салтанатты түрде өтті.
Абай мұрасын ұлықтауға арналған мазмұнды шаралар кітапхана алаңында ұйымдастырылып, ұлы ойшылдың тағылымды мұрасы дәріптелді.
Мерекелік жиында сөз алған өлкетанушы, этнограф Ермек Кәрімбекұлының тағылымды ой-пікірі мен ақын Назым Тауфикованың Абайға арнаған жүрекжарды жыры көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Шара барысында Гүлзат Хасенова мен Толқын Уызбаеваның орындауында Абай әндері шырқалып, кітапхана жастары қазақ, орыс, ағылшын және өзге де тілдерде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, Абай мұрасының әлемдік деңгейдегі құндылығын айшықтай түсті.
Мерекелік бағдарлама аясында келушілерге арналған бірнеше танымдық әрі шығармашылық алаңдар жұмыс істеді. Қонақтар «Абайды оқы, таңырқа!» кітап көрмесімен танысып, «Қара сөз» алаңында ұлы ойшылдың нақылдары жайлы пікір алмасты, «Абайға хат» бұрышында ақынға арнаған жүрекжарды лебіздерін жазды. Сонымен қатар «Мен бір жұмбақ адаммын...» интеллектуалдық ойынына қатысып, «Ашық микрофон» алаңында Абай өлеңдері мен өз шығармаларын оқыды. Балаларға арналған шығармашылық кеңістікте сурет салып, ақын өлеңдерін жатқа айтып, рухани мерекенің ажарын аша түсті. Кітапханаға жаңадан тіркелген оқырмандарға естелік сыйлықтар табысталды.
Салтанатты шара соңынан өткен «Жаһандану заманындағы Абайды танытудың жаңаша бағыттары» атты әдеби рингке «Төр Алтай» клубының мүшелері қатысты. TED форматында өрбіген әдеби пікірталаста «TikTok-та Абайды насихаттау – заман талабы ма?», «Қазіргі жастар Абайды түсінбейді ме, әлде біз дұрыс түсіндіре алмай жүрміз бе?», «Жасанды интеллект Абайды алмастыра ала ма?», «Абай бүгін өмір сүрсе, қандай тақырыптарды көтерер еді?» сынды өзекті сауалдар төңірегінде қызу пікір алмасу өрбіді. Қатысушылар өз көзқарастарын дәлелдеп, ұлттық руханиятты жаңа форматта насихаттаудың тың идеяларын ортаға салды.
Абай күніне арналған бұл тағылымды мереке ұлы ақын мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте айғақтап, кітапхана оқырман қауымды ұлы ақынның мәңгілік мұрасымен тағы бір мәрте табыстырды.
Абай сөзі – халықтың рухани темірқазығы, ал оны насихаттау – өткенге құрмет қана емес, болашаққа бағдар.