
Ұлттық домбыра күніне орай кітапхана қабырғасында «Dombra vibe» атты ерекше мәдени шара ұйымдастырылды.
Кештің басты қонағы – өлкеміздің белгілі домбыра шебері Жанарбек Қазезұлы болды. Сұхбат барысында ол жас оқырмандарға домбыраның қазақ халқы үшін жай ғана музыкалық аспап емес, ұлт рухын, тарихын және ата-баба аманатын сақтаған киелі мұра екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұлттық домбыра күнінің маңыздылығы туралы кеңінен әңгімелеп, домбыра жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Әр ағаштың ерекшелігі мен әр домбыраның өзіндік үні болатынын түсіндіріп, жас ұрпақты ұлттық өнерді қастерлеуге, күй өнерін дәріптеуге шақырды.
Шарада өңіріміздің кәсіби домбырашылары әсерлі сұхбат өрбітіп, ән шырқаса әуесқой домбырашылардың бірі Григорьева Галина күмбірлете күй орындап, көрермен жүрегінде ерекше әсер қалдырды. Қазақ күй өнеріне деген құрметі үшін Галинаға кітапхана әкімшілігі атынан алғыс хат табысталды.
Сонымен қатар, іс-шара барысында елдің негізгі рухани және қоғамдық тіректерін сипаттайтын жаңа Конституцияның құндылықтары мен маңызы кеңінен насихатталды.
Кеш соңында оқырмандарға рухани ләззат сыйлаған тағылымды сәттер қорытындыланып, мәдени шараға белсене қатысқан қонақтарға ілтипат ретінде арнайы кәдесыйлар табысталды.