«Журналистика жүрек ісі» кездесу

«Журналистика жүрек ісі» кездесу

30 маусым күні Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің ардагері Ғафура Сәрсенбайқызымен кездесу өтті.

Рухани басқосуда қаламгер оқырмандармен емен-жарқын әңгімелесіп, өмір жолынан сыр шертті. Кездесу барысында журналистикадағы алғашқы қадамдары, ұзақ жылдар еңбек еткен «Дидар» газетінің өз өміріндегі орны, шығармашылықтағы ұстанымы мен кәсіби тәжірибесі жайында кеңінен әңгімеледі.

Шара барысында Қазақстан Журналистер одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы сөз сөйлеп, Ғафура Сәрсенбайқызының өңірлік журналистиканы дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Кездесуде қаламгерге «Қазақстанның Құрметті журналисі» медалі табысталды.

Кешке қатысқан журналист, аудармашы Жұмағазы Игісін, Айтұхамбет Қасым мен Уәлихан Тоқпатаев әріптестері ретінде естеліктерімен бөлісіп, Ғафура Сәрсенбайқызының адамгершілік болмысы мен шығармашылық еңбегіне жоғары баға берді.

Еркін форматта өткен жүздесу оқырмандардың белсенді қатысуымен жалғасып, пікір алмасу алаңына ұласты.

Кеш музыкалық тартулармен әрленіп, соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ардагер журналистке ақжарма тілектерін арнады.