«Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігінің ашылуы

«Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігінің ашылуы

2026 жылдың 1 маусымында Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының аумағында «Dәстүр HUB» шығармашылық кеңістігінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл кеңістік Қазақстандағы цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналды.

Ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев, «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев, депутаттар, шығармашылық зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қонақтар заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мәдени мұраны сақтауға және насихаттауға бағытталған жаңа кеңістіктің тұжырымдамасымен танысты. Экспозицияда интерактивті мультимедиялық контент, QR-технологиялар, жасанды интеллект арқылы жасалған материалдар болды.

«Дәстүр HUB» қызметінде кітап оқу мәдениетін дамытуға, балалар мен жастардың шығармашылық бастамаларын қолдауға, білім беру және ақпараттық жобаларын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Мерекелік шараға қатысушылар үшін тақырыптық алаңдар, шығармашылық шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар, балаларға арналған интерактивті ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

Дәстүрлі құндылықтар мен заманауи технологияларды біріктіретін, өскелең ұрпақтың зияткерлік және шығармашылық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер беретін «Дәстүр HUB» кеңістігінің ашылуы өңір үшін маңызды мәдени оқиға болды.