
Мақаншы ауданының мәдениет үйінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, облыс әкімі сыйлығының лауреаты Болат Каримұлы Исиннің «Көркем шежіре» көрмесі ашылып, көрермендерді 2018-2026 жылдар аралығында салынған акварель жұмыстарының сериясымен таныстырды. Көрме ШҚО этнографиялық музейі мен Мақаншы ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Болат Исин Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Мақаншы ауылының тумасы. Суретші үшін туған жері мен оның табиғаты, ондағы адамдар мен сол өңірге тән ерекше атмосфера басты шабыт көзіне айналып, оның шығармашылық туындыларында айқын көрініс тапқан.
Болат Исин ұзақ жылдар бойы сәндік-қолданбалы өнер саласында жемісті еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасы бар, бірегей туындылар жасап келеді. Оның шығармашылығы үнемі дамып отырады: суретші түс пен пішіннің мүмкіндіктерін ұдайы зерттеп, жаңа материалдармен тәжірибе жасай отырып, кескіндеменің классикалық дәстүрлеріне берік сүйенеді.