«Лоскутное одеяло» романының таныстырылымы

«Лоскутное одеяло» романының таныстырылымы

10 сәуір күні А.С.Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапханада алматылық жазушы Ғалия Нұршайықовамен шығармашылық кездесуі өтіп, «Лоскутное одеяло» дебюттік романы таныстырылды.

«Лоскутное одеяло» — бір әулеттің әйелдері арқылы өрілген шежіресін терең зерттейтін туынды. Мамандығы бойынша кәсіби жылу энергетигі автор әдебиет әлеміне жақында ғана келсе де, өзін танытып үлгерді: оның алғашқы әңгімелері USW (Union of Steppe Writers) қауымдастығының жинағында жарық көрген.

«Менің романым — еліміздің басына түскен сын-сағаттар кезінде біздің әулеттегі әйелдердің мінезі мен рухы қалай қалыптасқанын түсіну үшін, шашырап қалған отбасылық естеліктерді құрақ құрағандай жинап, тұтас бейне жасауға талпыныс», — дейді автор.

Кітаптың таныстырылымы кезінде  залдағы атмосфера ерекше ықыласқа толды.

Шараға әдебиеттанушыар, тарихшылар, психологтар, студенттер және шежіре мен өзін-өзі тану тақырыбына қызығушылық танытатын барлық оқырмандарымыз қатысты.

Ерекше қонақтарымыздың бірі Зейнулина Зина Калидолақызы Әзілхан Нұршаиқовтың немере қарындасы және Зиябекова Еркеш Дәукенқызы жерлесі, Жарма ауданы, Бірлік орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, кеш барысында шығарманың мазмұнына терең талдау жасап, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Оқырмандарымыз бен студенттер қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, ой-толғамдарын ортаға салды. Оқырманның кітаптан алған әсері туралы сұраққа автор келесідей ой білдірді: «Менің қалауым — оқырманның кітаптың ішінен өзін табуы. Егер соңғы бетті жапқанда адамда жаңа белеске деген ұмтылыс пен ой оянса, авторлық міндетім толық орындалды деп есептеймін».

Кеш соңы автордың кітапханаға өз туындысын сыйға тарту рәсімімен түйінделді. Ендігі кезекте оқырмандарды осы жаңа туындыны оқып, рухани азық алуға шақырамыз. Кітапхана есігі сіздер үшін әрдайым ашық!