«Ұлттық құндылықтар - ұлт болашағының негізі» кездесу

«Ұлттық құндылықтар - ұлт болашағының негізі» кездесу

Ағымдағы жылдың 27 наурыз күні Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Ұлттық құндылықтар - ұлт болашағының негізі» атты мәдени шара өтті. Шара барысында қазаққа қастерлі қырандар патшасы - бүркіттің тума табиғаттағы және адам қолындағы таңғажайыпқа толы тіршілік, ежелден келе жатқан саяткерліктің шынайылығы, оны ұстау, үйрету, түлету, баптау, аңға салу әдіс - айласын бапкер Хамитжанов Архат Қиялбекұлы сыр шертіп айтып берді.

Қайта жаңғырған баба дәстүрімізді, ұлттық құндылығымызды садақты насихаттап жүрген, дала мергені атанған, Шығыстағы садақ федерациясының президенті Ажар Рахметқызы Төлеуханова қатысып, садақ атудың қыр - сырына тоқталды.

Көмеймен ән айтуды өз бетінше үйреніп жүрген 10 сынып оқушысы Аман Темірбек бірнеше ән орындап, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Оның орындауындағы әрбір туынды ұлттық өнердің тереңдігін сездіріп, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Жас өнерпаздың талпынысы мен табиғи дарыны жиналған көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.

Кітапхана қорындағы кітаптардан «Қыран мен тазы: тарих және тағылым» атты кітап көрме қойылды, онда қыран құс бүркіт, тазы мен төбеттің әртүрлі тұқымдары, қазақтың аңшылық өнері жайлы және қазақ ойындары бойынша шыққан әдебиеттер, салт -дәстүр мен әдет - ғұрыптарға арналған кітаптар қойылып, таныстырылды.

Бұл шара жас ұрпаққа ата-бабамыздың қастерлі дәстүрлерін таныстыруға, табиғатты сүюге, ұлттық мәдени мұрамызға деген сезімін арттыруға бағытталды.