
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығына және Шығыстың қаһарман қызы Сәбира Мұхамеджанованы еске алуға арналған «Желтоқсанның өшпес үні» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Айтыс ШҚО «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігі, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана және облыстық «Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебінің» бірлесуімен ұйымдастырылды.
Рухани кешке 1986 жылғы тарихи оқиғаның куәгерлері – желтоқсаншылар, Сәбира Мұхамеджанованың құрбылары мен замандастары арнайы қатысып, жастарға ақ тілектерін білдірді.
Айтысқа Өскемен, Тарбағатай, Зайсан, Риддер өңірлерінен келген мектеп оқушылары мен студенттерден құралған 10 жас ақын қатысып, ел тарихы, тәуелсіздік тағылымы, туған жер мен ұлт рухы туралы жыр толғап, өзара сөз сайысына түсті.
Қазылар алқасының құрамында «Айтыстың Ақтаңгері», ҚР мәдениет қайраткері, ақын-журналист Серік Құсанбаев, ШҚО «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов, ҚР мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, облыстық «Ақтан Нұрбаев атындағы» ақындар мектебінің директоры Серік Қуанған болды.
Жастар айтысы бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылардың суырыпсалмалық қабілеті, сөз саптауы мен ұлттық рухты жырлау шеберлігі бағаланды.
Айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Зайсан өңірінің намысын қорғаған Айғаным Балғабаева иеленді. І орын С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Асылбекқызы Аймерейге бұйырды. ІІ орынды жас ақын Ермеков Әли мен Мұратханұлы Мұхтар өзара бөлісті. Ал ІІІ орын Ержан Жания мен Тарбағатай өңірінен келген Оралбек Бауыржанға табысталды.
Тағылымды шараның басты мақсаты – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жас ұрпаққа насихаттау, Сәбира Мұхамеджанованың ерлігін ұлықтау және жас айтыскер ақындардың өнерін қолдау.
Айтыс барысында жас жүйріктер жалынды жырларымен көрерменнің ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.