5 желтоқсан 2025 жылы А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Бибі-Ана» қайырымдылық қорының президенті, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс-1», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Бибігүл Қабиқызы Иманғазинаның «Бибі-Сана» кітабының таныстырылымы өтті.
Шара барысында қаламгердің тағдырлы өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы жылы лебіздер айтылды. Бибігүл Иманғазина – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көркемдікпен көтере білген, өз тағдырымен күресе жүріп мүгедек аналардың құқығын қорғауға бар өмірін арнаған тұлға. Ол 1992 жылы «Тауқымет» қоғамын құрып, кейін оның негізінде Республикалық «Бибі-Ана» қайырымдылық қорын қалыптастырып, мыңдаған отбасының өміріне қолдау көрсетті.
Таныстырылымда жазушының қазақ оқырманы арасында кең танылған «Тауқымет» романының мәні мен әсері, сондай-ақ жаңа «Бибі-Сана» еңбегінің идеялық мазмұны сөз болды. Қатысушылар Бибігүл Қабиқызының күрескерлік рухы, адамгершілік ұстанымы, әдебиеттегі және қоғамдағы орны жөнінде пікір алмасты.
Шара автор шығармашылығына құрмет көрсетіп, қатысушыларға рухани әсер сыйлаған мазмұнды кездесу болды.