
Жыл бойы «Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекемесі» КММ мектеп оқушылары мен студенттерге арналған танымдық жаяу экскурсиялар өткізеді. Бұл «тарихтың жанды сабақтары» қатысушыларға қала ескерткіштері мен ғимараттарының сырын ашып, Өскеменге жаңа қырынан қарап, өткенмен байланыс сезінуге мүмкіндік береді.
Экскурсия барысында ерекше назар Өскеменнің тарихи орталығына — Қазақстан, Қайсенов, Горький, Бейбітшілік және Чехов көшелеріне аударылады. Мұнда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында салынған, сол дәуірдің сәулеттік ерекшеліктерін көрсететін және өңірдің мәдени келбетінің ажырамас бөлігі болып табылатын ғимараттар сақталған.
Серуен кезінде экскурсоводтар ғимараттардың тарихы, олардың маңызы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы қызықты түрде әңгімелейді, сондай-ақ қалада ескерткіштері орнатылған көрнекті тұлғалар жөнінде айтып береді. Экскурсиялар қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі, бұл іс-шараларды барша қатысушылар үшін қолжетімді әрі тартымды етеді.
Мұндай экскурсиялар оқушылар мен жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, туған өлкені сүю мен құрметтеу сезімін тәрбиелейді. Олар жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраны сақтау ісіне деген қызығушылығын оятып, тарихтың әрдайым қасымызда, туған қаламыздың көшелерінде екенін еске салады.