2020 ж. 15 қазан күні сағат 15.00-де А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұйымдастыруымен Facebook желісінде @Оскар Кум парақшасында жазушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Асқар Алтаймен «Тұмылдырықты уақыт, вирусты шеңбер ішінде...» тақырыбында онлайн сұхбат жүргізіледі.
Асқар Алтай (жазушы, сыншы) - Алпысбай Асқар Құмарұлы 1963 жылы 12 ақпанда ШҚ облысының Зайсан қаласында туған. Балалық шағы мен жастық шағы Алтайдың сұлу жері Марқакөл, Күршім, Катон-Қарағай өңірінде өткен. Сондықтан жазушы романдарының сарқылмас бастауы туған жерінен басталады.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін 1984 жылы тәмамдаған. Студент кезінде 21 жасында «Қызыл бөлтірік» повесін жазды. Повесть арада 11 жыл салып, Халықаралық Сорос қорының Бас бәйгесіне ие болған.
Еңбек жолын 1984 жылы Алматы облысының Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде тілшілік қызметтен бастайды. Журналист болып жүрген жерінен Совет армиясы қатарына алынып, солдаттан офицер дәрежесіне дейін қызмет еткен.
Ол жазушы С.Мұқанов мұражай-үйінде ғылыми қызметкер, Қазақстан Жазушылар одағының «Жұлдыз» журналында Сын бөлімі меңгерушісі, Қаржы министрлігінің «Қаржы-Қаражат – Финансы Казахстана» журналында бас редактор, «Атамұра» корпорациясында Әдеби редактор қызметтерін атқарды.
2004 жылдан бері «Арда+7» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры. Жазушының «Дегелеңдегі жарылыс», «Прописка», «Кентавр» әңгімелері мектеп оқулығына, көптеген шығармалары Жоғары оқу орындары бағдарламасын енгізіліп, республикада кеңінен оқытылады.
Тоғыз әңгімесі Англия астанасы Лондондағы «Альбион» альманах-журналында орыс тілінде, Түркияда бір әңгімесі түрік тілінде жинақта, басқа да түркі тілдес елдерде жарық көрді.
Қаламгердің тұңғыш «Қыр мен қала хикаялары» әңгіме-повестер жинағы мен отыз жасында жазған «Алтай балладасы» роман-мифінен бастап, «Казино», «Киллер сауысқан» әңгімелер кітабы, «Қызыл бөлтірік» повестер жинағы мен соңғы жылдары жазылған «Сират», «Туажат» романдары қазақ оқырманына кеңінен таныс.
Жақында ғана «Былғары табыт» романын аяқтады...
Асқар Алтай - Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы халықаралық сыйлықтың, Ғ.Сланов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Құрметті әдебиетсүйер қауым! Баршаңызды жерлес жазушы Асқар Алтаймен болатын тікелей эфирге шақырамыз!
Байланысшы: Абылгазинова Гүлбаршын, тел. +77056241725