30 тамыз күні Өскемен қаласының Арбатында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мен Қала күні мерекелеріне орай өткен SHYGYS BOOK FEST-2025 кітап фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына рухани серпін сыйлады.
Фестивальдің басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін дәріптеу, оқырман мен қаламгер арасын жақындата түсу, баспагерлер еңбегін насихаттау, сондай-ақ қала жұртына әдебиет пен өнердің мерекелік шуағын тарту болды.
Арбат алаңы ерекше сән-салтанатпен безендіріліп, бойлай орналасқан кітап дүкендері мен баспалардың жаңа өнімдері, кітап көрмелері, балаларға арналған шығармашылық алаңдар келушілердің назарын өзіне тартты.
Мерекелік шараның шымылдығы ШҚО мәдениет басқармасы мен ШҚО филармониясының «Алтай» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әуезді концертімен түрілді. Сонымен қатар, фестивальдің маңызды бөлігі «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген жаңа кітаптардың тұсауы кесілді. Фестиваль барысында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақытжан Райысованың жаңа жинақтарының тұсауы кесіліп, оқырманға таныстырылды.
Тұсаукесерде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы Нұрғалиев, ақын, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО өкілі, Қатон-Қарағай ауданының, Өскемен қаласының және ШҚО-ның Құрметті азаматы Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаев, қоғам қайраткері, мәдениет пен өнер саласының еңбек сіңірген қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, ақын-драматург, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскерхан Ақтай құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Фестиваль аясында қала күніне орай жаңа әннің де тұсауы кесілді. Бұл жүрекке жақын туындының сөзін ақын Құмар Зиятхан жазып, оны жас орындаушы Нұрқуаныш Қапақұлы шынайы сезіммен жеткізді.
Сондай-ақ, өңірімізге есімі етене таныс айтыскер ақын Еркін Қуаныш өзінің шәкірттерімен бірге сахнаға шығып, арнау өлеңдерін оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Фестиваль бағдарламасы концерттік қойылымдармен, шығармашылық шеберлік-сағаттарымен, викториналармен, буккроссингпен, ұлттық және интерактивті ойындармен толықты. Арнайы фотоаумақтар мен қолтаңба сессиялары да оқырманға естен кетпес әсер сыйлады.
«SHYGYS BOOK FEST-2025» — кітап пен оқырманды, шабыт пен шеберлікті, руханият пен парасатты тоғыстырған үлкен мәдени алаңға айналды. Бұл күн Арбат сахнасында өнер мен әдебиеттің әуені қатар өріліп, әрбір қонақ рухани азық алып қайтты.