Елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту, әдеби мұраны дәріптеу мақсатында отандық авторлардың 100 ең танымал кітабы туралы жалпыұлттық сауалнама жүргізілуде. Осыған орай А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Аманат» партиясы өкілдерінің қатысуымен арнайы шара өткізілді.
23 сәуір мен 23 шілде аралығында өтіп жатқан сауалнаманың басты мақсаты - қазақстандық жазушылардың шығармаларын насихаттау, оқуға деген қызығушылықты арттыру және баспа ісін қолдау.
Шарада EGov.kz ресми сайтында сауалнамаға қатысу жолдары таныстырылды, сондай-ақ оқырман сұранысына ие болған қазақ әдебиетінің көрнекті классиктері – Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков және қазіргі заманғы авторлар – Роза Мұқанова, Сәуле Досжан, жерлесіміз Оралхан Бөкей және басқа да отандық қаламгерлердің соңғы жылдардағы шығармаларына шолу жасалынды.
Іс-шара қонақтарының арасында «Аманат» партиясының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Зарина Айдарханқызы Камасова, сондай-ақ, жоғары оқу орындары, ғылым және басқа да бюджеттік ұйымдар қызметкерлері болды. Мамандығы бойынша офтальмолог дәрігер Зарина Айдархановна көздің денсаулығы үшін оқудың маңыздылығын атап өтіп, электронды емес, баспа басылымдарына артықшылық берген дұрыс екенін атап өтті.