“Өсе бер, өрлей бер, Өр Алтайым!” жазушы, публицист Сәдібек Түгелмен кездесу

“Өсе бер, өрлей бер, Өр Алтайым!”  жазушы, публицист Сәдібек Түгелмен кездесу

2025 жылдың 9 шілдесі күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ел руханиятына еңбегі сіңген көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Сәдібек Түгелмен тағылымды кездесу кеші өтті. «Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!» атты рухани шара туған жерін жүрегіне ту еткен қаламгерге деген ел ықыласының көрінісіндей әсерлі өтті.

Шараның басты кейіпкері – қалам мен қайраткерлікті тең ұстаған, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ғұмырын арнаған Сәдібек Түгел – туған өлкесіне, қасиетті Алтай еліне арнайы ат басын бұрып, оқырманмен жүздесті.

Кеш барысында Ұлан топырағында дүниеге келген жазушының өмір жолына, шығармашылығына, ұлттық спортқа сіңірген еңбектеріне кеңінен тоқталды. Әсіресе, «Қазанат» энциклопедиясын жазып, ұлттық сәйгүлікке мәңгілік ескерткіш орнатқан азаматтық болмысы мен тұлғалық келбеті терең толғаныспен айтылды.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдаспекұлы Сәдібек Түгелдің ерен еңбегі мен елге сіңірген қызметі жайлы жүрекжарды лебізін білдіріп, мерейтой иесіне қазақтың ата жолымен шапан жапты.

Кездесу аясында қаламгердің «Мыңбасы», «Сұңқардың самғауы», «Джеки» атты кітаптарының тұсаукесері өтіп, жаңа шығармалар оқырманға жол тартты. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ел ағалары мен өңірімізге танымал тұлғалар қатысты.

Сонымен қатар, автордың «Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!» атты жаңа қолжазбасының алғашқы таныстырылымы көпшіліктің зор қызығушылығын тудырды.

Жиын барысында бейнефильм көрсетіліп, жазушының ұлттық спорт саласындағы еңбектері, қазақ жылқысына қатысты ізденістері мен Құлагер ескерткішін орнату идеясы кеңінен сөз болды.

Оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтар да салмақты, мазмұнды болды. Сәдібек Түгелдің тағылымға толы ғұмыры мен қаламынан туған дүниелер – ұлттың рухани байлығы. Бұл кеш – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, ертеңге аманат десек, артық айтпаған болар едік.