5 маусым күні орыс әдебиетінің классигі Александр Сергеевич Пушкиннің туған күні қарсаңында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында дәстүрлі мерекелік шара өтті. Бұл күн шабыт пен сұлулықтың, шығармашылық пен білімнің мерекесіне айналды.
Іс-шара кітапхана алдындағы жайлы скверде, ақынның бюсті орнатылған алаңда ұйымдастырылды. Бірнеше тақырыптық алаңдарда келушілер Пушкин шығармашылығына жаңа қырынан үңіліп, оның дәуірінің рухын сезінді.
Шараның салтанатты бөлімі А.С. Пушкиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Рәсімге Ресей Федерациясының Өскемен қаласындағы Бас консулдығының өкілі, вице-консул Александр Андреевич Дяченко қатысты.
Бұдан әрі мереке түрлі интерактивтермен жалғасты. «Пушкин ертегілерінің ізімен / Продолжи Пушкина…!» атты қазақ және орыс тілдерінде өткен әдеби викторинада қатысушылар ақынның ертегілері мен өлең жолдарын еске түсіріп, логикалық ойлау мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Кітап көрмесі ұйымдастырылған экспозициялық аймақта «Мен Пушкинді жақсы көремін» атты бұрыш көпшіліктің назарын аударды. Мұнда ақын шығармалары мен оның өміріне қатысты мекендер туралы мәліметтер ұсынылды.
Сонымен қатар келушілерге түрлі ойындар ойнатылды:
- «Өлең жолдарын қалпына келтір» – жылдамдыққа арналған командалық ойын;
- «Нөмірлер арқылы өлең жина» – көрермендер шашыраңқы жолдардан өлең құрастырады;
- «Атыңнан не пайда?..» – Пушкин кейіпкерлерінің есімдерінің мәнін ашуға арналған ойын;
- «XIX ғасырдың студенттік сленгін білесіз бе?» – тарихи әзілмен толықтырылған викторина;
- «Пушкиннің гастрономиялық талғамы» – дұрыс жауап бергендер сол дәуірдегі ерекше рецепттерге ие болды.
Халықаралық ресурстық орталық алаңында қонақтар «Пушкин және француз тілі» викторинасына қатысып, Американ бұрышының музыкалық нөмірлерін тамашалады.
Мерекелік бағдарламаға Шығыс Қазақстандағы Орыс мәдениет орталығы белсене атсалысты. Олар балаларға арнап поэтикалық пазл, рифмалық «қар домалақ», мақал-мәтелдерді қалпына келтіру, Лёлик клоунмен грамматикалық қателерді аңду, шеңбер ойындары мен поэтикалық тәжірибелер сынды түрі ойындар әзірледі.
Пушкин – тілдер мен мәдениеттерді біріктіретін тұлға. Оның сөзі жүректегі шынайылықты, мейірімділік пен батылдықты оятады. Бұл мереке де әдетттегідей шабытқа толы, көңілді күйде өтті.