А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Күршімнен жеткен күмбір үн» атты танымал ақын, журналист Хасен Закариямен шығармашылық кездесу өтті.
Хасен Закария – Шығыс өлкесінің шынайы перзенті. 1960 жылы Күршім ауданына қарасты Қойтас ауылында дүние есігін ашқан ол, өнер жолындағы ізін айтыскерліктен бастаған. Тоқсаныншы жылдары өткір тілімен, шешен сөз саптауымен ел ішіне кеңінен танылып, қазақ айтысының көрігін қыздырған. Уақыт өте қаламын журналистикаға қарай бұрып, ел ішін аралап жүріп, ауыл өмірінің қызыққа толы көріністерін, қазыналы қарттардың, тапқыр айтқыштардың әзіл-қалжыңға толы әңгімелерін жинақтап, «Ауыл әзілдері» атты топтамалар ретінде оқырманға ұсынып келеді.
Соңғы жылдары ақын қаламын жазба поэзияға арнап, өзіндік үні, ерекше қоңыр дауысымен, сырлы да терең мағыналы жырларымен әдебиетсүйер қауымның жүрегіне жол тауып жүр. Оның поэзиясы – табиғаттың тылсымымен, ауылдың аңқылдаған шындығымен үндесіп жатқан шынайы сезімдер тоғысы.
Шығармашылық кездесуге келген зиялы қауым өкілдері мен жерлестері – бала күнгі сыныптастары, қаламдас інілері мен рухани әріптестері – кеш иесіне деген жылы лебіздерін білдіріп, ақын шығармашылығы туралы пікірлерін ортаға салды. Салтанатты жиында белгілі қаламгерлер Айтмұхамет Қасымов, Бақытжан Раисова және Серік Құсанбаев сынды құрметті азаматтар сөз алып, ақын жайлы естеліктерімен бөлісті.
Кеш соңында қалалық мәслихат депутаты, жазушы, драматург Әскерхан Ақтай Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Берікболұлының Алғыс хатын кеш иесіне табыстап, қаламгерге шығармашылық табыс тіледі. Жерлесі Кәдірұлы Берік шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.
Бұл кездесу – елге еңбегі сіңген өнер иесінің дара жолын дәріптеп қана қоймай, оқырманға жерлес қаламгерді насихаттаудың үлгісі болды.