
Ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Абайдың Тоғжаны» атты облыстық байқауы өтті.
Жоғары сынып оқушылары (10-11 сыныптар), орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері арасынан 16 мен 25 жас аралығындағы қыз балалар қатысқан байқау төмендегідей кезеңдерден тұрды:
- «Әсемпаз болма әрнеге» атты таныстыру кезеңі (қатысушылардың сыртқы келбет, тұлғалық қасиеттері және өзіне деген сенімділігі бағаланды);
- «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» шығармашылық кезеңі: (Абайдың ойлы өлеңдері мен қара сөздерінен үзінді оқылды, Абайдың әндері орындалды);
- «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» сұрақ-жауап кезеңі: (қатысушыларға Абайдың шығармашылығы бойынша сұрақтар қойылды. Бұл кезеңде қатысушылардың интеллектуалды деңгейі, ой-өрісі және тапқырлығы анықталды).
- «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» дефиле немесе сән көрсету кезеңі: (қатысушылар ұлттық киімдермен дефиле жасады, өздерінің жүріс-тұрысын, сахна мәдениетін көрсетті).
Аталмыш байқауда «Үш қыздың анасы», «Қызыма хат» кітаптарының авторы, «НҰР САНА» білім беру орталығының және «Ханшайымдар академиясының» құрушысы, «Қазақ аналары - дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ШҚО филиалының төрайымы Темірханова Нұрия Сейітбекқызы; ҚР «Мәдениет саласының үздігі», әнші, актриса Лақаева Шолпан Кеңесханқызы және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының оқытушысы Байғабылова Мархабат Арманқызы өздерінің әділ бағаларын беріп төрелік етті.
Қазылар алқасы сараптай келе қатысушыларға төмендегідей баға берді:
Байқау жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен және қаламыздағы сұлулық салондарының қызметі ұсынылған сертификаттармен марапатталды.
«Абайдың Тоғжаны» байқауы арқылы біз Абайдың мұрасын бағалап, жастарымызды ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншіліктерін арттыруға ықпал жасадық деп ойлаймыз.