2024 жылдың 15 қарашасында Қ.Д. Нұрсадықовтың «Құдірет» атты дербес сурет көрмесінің ашылуы Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында өтті.
Құдаш Дәулетқанұлы – суретші, кескіндемеші, мүсінші, ұстаз, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, «Жаңғыру» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі. Оның картиналары Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Кипр сынды шетелдерде де танымал. Ол бірнеше мәрте әртүрлі байқаулардың жүлдегері, ал 2012 жылы «Менің Қазақстаным» атты дәстүрлі аймақтық көрме-байқауының Гран-при иегері атанды.
«Құдірет» көрмесі бейнелеу өнерін бағалай білетіндер назарына Құдаш Дәулетқанұлының пейзаж, портрет һәм тақырыптық композициялары арқылы ашыла түсетін ішкі жан дүниесін ұсынады. Суретшінің қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне бағытталған суреттері шынайы және өте жылы. Олар лиризм мен ұлттық нақышқа толы және суретшінің балалық шағынан ерекше сыр шертеді.