ШҚО-да 93 мыңнан астам мектеп оқушысы жазда демалып, денсаулықтарын нығайтады

ШҚО-да 93 мыңнан астам мектеп оқушысы жазда демалып, денсаулықтарын нығайтады

Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылдың жазында балалардың жазғы демалысы мен жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға қала және аудан бюджеттерінен 483,6 миллион теңге бөлінеді. Бұл қаражат жолдамалар сатып алуға, тамақтануды ұйымдастыруға, сондай-ақ мектептер, балалар лагерьлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасын жөндеуге және жаңартуға жұмсалады. Жазғы бағдарламалармен 93 564 оқушы қамтылады, бұл — облыстағы оқушылардың жалпы санының 99,9%-ын құрайды. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан барлық 9 056 оқушы жазғы демалыспен тегін қамтылады.

Демалыс кезеңінде облыста 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді, оның 8-і – мемлекеттік, 3-еуі – жекеменшік, соның ішінде біреуі – жыл бойы жұмыс істейтін лагерь. Бұл лагерьлерге 8 575 бала барады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 23 120 балаға арналған тамақпен қамтылған 270 мектеп жанындағы лагерь, 204 бейінді алаң жұмыс істейді. Қосымша білім беру мекемелерінде және аула клубтарында үйірмелер, секциялар, экскурсиялар мен түрлі іс-шаралар өтеді. Мұндай бағдарламалармен 61 869 оқушы қамтылады.

Жазғы алаңдардың және лагерьлердің сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін 2 454 маман тартылатын болады, оның ішінде тәрбиешілер мен вожатый (1 230 адам), қосымша білім беру педагогтары (1 224), медициналық қызметкерлер (250), сондай-ақ педагогикалық отрядтарға кіретін жоғары оқу орындары мен колледж студенттері. Әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді: Самар ауданындағы «Балауса» сырттағы лагерінің базасында әскери-спорттық лагерь жұмысы жалғасады, оған 7–8 сынып оқушылары қатысады.

Жазғы демалыстың қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастырылуын бақылауды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары басқаратын Арнайы штаб жүзеге асыратын болады. Оған полиция, төтенше жағдайлар қызметі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, сондай-ақ денсаулық сақтау және мәдениет органдарының өкілдері енді.