
2024 жылдың 26-30 сәуірі аралығында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, «Қазақстан тарихы», «Құқық негіздері» пәндерінен 10-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі республикалық олимпиада өткізді.
Олимпиаданың мақсаты мен міндеттері – оқушының жеке тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастыруда шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білім мен практикалық дағдыларын тереңдетуін жүзеге асыруына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау.
Олимпиадаға Қазақстан Республикасының барлық қалалары мен облыстарынан олимпиаданың облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары атанған 10-11 сыныптардан 180-нен астам дарынды оқушы қатысты.
Олимпиада С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында екі айналымда өтті. Олимпиадалық пәндердің ерекшеліктеріне сәйкес тапсырмалар тестілеу, жазбаша және ауызша айналымдардан тұрды.
Қатысушыларды орналастыру және тамақтандандыру Өскемен қаласының Негізгі орта мектеп-интернатының базасында ұйымдастырылды.
Олимпиадаға қатысушы әрбір делегацияға дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептер мен Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін мектептерден шефтер бекітілді.
Олимпиада өткізілу уақытында балалардың тұратын және өткізілетін жерінде қоғамдық тәртіпті, олардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы мен ШҚО Полиция департаменті тәулік бойы кезекшілік атқарды. Қатысушылардың жатын орындары мен шара өтетін жерлері тексерілді. Жатын және тамақтандыру орындарына санитарлық талаптар ШҚО Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментімен келісілді. Өрт қауіпсіздігінің сақталуын ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өз бақылауында ұстады.
Олимпиада қатысушылары үшін көлік қызметі ұйымдастырылып, ШҚО Ішкі істер департаменті Жол полициясы қызметкерлерінің бірге ілесіп жүруімен кесте бойынша қала ішінде қозғалыс қамтамасыз етілді.
Республикалық олимпиадаға қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды: облыстық драма театрында қойылым тамашалау, Сол жақ жағалаудағы этнопаркке бару. Балалардың бір-бірімен танысуын, бірлігін ұйымдастыру мақсатында психологиялық тренинг, тимбилдинг жүргізілді. Республикалық олимпиада аясында делегация жетекшілеріне семинар ұйымдастырылды.
Олимпиаданың жабылу салтанаты «Ертіс концерт» Орталық мәдениет сарайында өтті. Жабылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Чернышёва Иннеса Александровна және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Каркулова Айгуль Акимгереевна құттықтау сөз сөйледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және медальдарымен марапатталды. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің атынан сыйлықтар, барлық қатысушыларға өңірдің табиғаты мен туризмі жайлы естелік сыйлықтар табыс етілді.