2023 жылдың 2-4 мамыры аралығында Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп, қазақ тілі мен әдебиетінен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданы өткізді.
Олимпиадаға республиканың білім беру ұйымдарының 169 дарынды оқушысы қатысты.
Олимпиаданың ашылу салтанаты «Ертіс концерт» Орталық мәдениет сарайында өтті. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғ. Бейсембаевтың олимпиада ұйымдастырушылары мен қатысушыларына арнап жолдаған құттықтау сөзі оқылды. Министрліктің өкілі З. Аманова, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары А. Ақылбек олимпиада қатысушыларын құттықтап, сәттілік тіледі.
Олимпиаданың республикалық кезеңі эссе жазу мен сұрақтарға ауызша жауап беруді қамтитын екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиетінің шығармаларын, Қ.О. Бітібаеваның өмірбаянын, ғылыми-педагогикалық мұрасын және публицистикалық еңбектерін білу бойынша сайысқа түсті.
Қазылар алқасының құрамына ғалымдар, республиканың үздік жоғарғы оқу орындарының оқытушылары кірді.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен олимпиаданың салтанатты жабылуында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ж. Карамбаев олимпиада ұйымдастырушыларына алғысын айтып, қатысушы дарынды оқушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 81 жеңімпаз бен жүлдегер Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен (I орын – 17 оқушы, II орын – 23 оқушы, III орын – 41 оқушы), 29 оқушы «Ерекше жетістіктері үшін» Оқу-ағарту министрлігінің грамотасымен марапатталды.
2 жеңімпаз оқушыға С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ректорының және Шәкәрім атындағы Семей университеті ректорының гранты табыс етілді.
Олимпиада аясында қатысушыларға мәдени-танымдық бағдарлама, жетекшілер үшін шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.