ШҚО білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы «Алматыкітап» ЖШС баспасымен бірлесіп «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Президент Қ. К. Тоқаевтың цифрлық оқулықтарға көшу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде«Алматыкітап» баспасының TopIQ.kz білім беру платформасының электронды оқулықтарының мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін, оқу процесін ұйымдастыруда оқушылар, ата-аналар, ұстаздар үшін тиімділігін көрсету мақатында 2023 жылғы 30-31 наурызда Өскемен қаласы мен Ұлан ауданының мектеп директорлары үшін «TopIQ.kz білім беру платформасы» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Семинар барысында «Алматыкітап» баспасының вице-президенті Құдайберген Гульнур Серікқызы TopIQ.kz білім беру платформасының басты модулі 1-11 сыныптарға арналған электрондық оқулықтар кітапханасы екендігі айтылды. Электрондық оқулықта тақырыпқа сай бейнежазбалар мен тыңдалымдар, түрлі түсті суреттер, логикалық ойындар, білімді бекітуге арналған қызықты тапсырмалар жиыны бар екендігін атап өтті.
Кері байланыс барысында спикер қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, қолданушыларға арналған электрондық оқулықтар платформасы туралы нұсқаулық таратылып берілді. Оқыту семинарына 85 адам қатысты.