Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы және «С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕ АҚ «Қазақстан тарихы» және «Қабанбай батыр» атындағы әскери кафедралары бірлесе 2022 жылдың 14 қазан күні Дарабоз батыр, талантты қолбасшы, мемлекет қайраткері, дипломат, саясаткер Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдық мерейтойына арналған «Жаугершілік заманның қазақ батырлары: тарих және тағылым» республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Ғылыми-практикалық конференцияның мақсаты - ерліктің арқауы, елдіктің бастауы болған дарабоз батыр Қаракерей Қабанбай бабамыздың ерлігін ұлықтау арқылы жас ұрпаққа насихаттау, қазақстандық патриотизм құндылығының өзегіне айналдыру, отаншылдық қасиетті қалыптастыру.
Игі шара Қабанбай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Конференция С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Төлеген Мұхтар Әділбекұлының алғы сөзімен, Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы директорының м.а. Джакупова Г.С. және Абай облысы, Аягөз ауданының Мәслихат депутаты Тоқтабаев Н.Т құттықтау сөздерімен ашылды.
Конференцияның пленарлық бөлімінде
Гарвард университетінің (АҚШ) Фэрбанк Қытай Зерттеу орталығының зерттеуші-профессоры Нұрлан Кенжеахмет;
Астана қаласындағы Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Еңсенов Қанат Әлібекұлы;
Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Найманбаев Бекмұрат Рахымбердіұлы;
ф.ғ.к ШҚУ, Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Касенов Сакен Токанович;
ШҚУ «Қабанбай батыр» кафедрасының сениор-лекторы Нугманов Ришад Даулетканулы,
т.ғ.к., ШҚУ Қазақстан тарихы және Рухани Жаңғыру кафедрасының сениор-лекторы Аканов Маратбек Камзинович баяндама жасады.
Шара аясындағы диалогтік алаңда Астаналық ақын Ғафуров Аслан «Шорға шайқасы» өлең-жыр дастаннан үзінді оқыды. Тарбағатай ауданынан келген шежіреші Жарасов Амангелді «Қазақ-жоңғар шайқасына қатысқан Дәулетбай батыр», Абай облысы Аягөз қаласынан тарих пәні мұғалімі, өлкетанушы Баймоллаев Әділбек Құрманғалиұлы «Мектеп мұражайы-тарих шежіресі» жайлы әңгімеледі.
Чекетаева Роза Сарқытбекқызы т.ғ.к., ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Қ Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицей» КММ тарих пәні мұғалімі, педагог-шебер «Қабанбай батырды мектепте оқыту мәселесі»;
Айтхожин Қайрат Батханұлы, ШҚО ББ Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «О.Бөкей атындағы№44 мектеп-лицей» КММ тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші «Қабанбайтану» оқу-әдістемелік құралы» бағдарламасы бойынша;
Қабидолдин Қуаныш Тілеуханұлы, ШҚО ББ Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің «Абай атындағы орта мектебі» КММ тарих пәні мұғалімі, педагог-шебер, магистр «Батыр бабалар ерліктері арқылы оқушылар бойында отаншылдық қасиет қалыптастыру» тақырыптарында баяндама жасап, ізденістері мен тәжірибелерін ортаға салды.
Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның бағадарламасы негізінде «Қабанбай батыр ерлігі тарих жазбаларында», «Батыр бабалар ерлігі – жас ұрпаққа аманат», «Батыр баба есімі - мәңгілік»,«Қазақ ақын жыраулар шығармаларына арқау болған Батыр бейнесі» тақырыптарда онлайн форматта секциялық отырыстары жұмыстарымен жалғасын тапты.
Конференцияға Астана қаласы, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, жалпы орта білім беретін мектептерінің пән мұғалімдері (барлығы 200 адам) қатысты.
Шара соңында кері байланыс ұйымдастырылды, мектеп оқушыларымен Дарабоз батырдың 330 жылдығына арналған шараларды өткізу бойынша ұсынымдар берілді.
Спикерлерге алғыс хат, барлық қатысушыларға сертификат табысталды.