«Авторлық бағдарлама жазудың талаптары мен әдістемесі» облыстық онлайн-семинары

«Авторлық бағдарлама жазудың талаптары мен әдістемесі» облыстық онлайн-семинары

Авторлық оқу бағдарламасы – жалпы білім беру стандартына сай оқу пәнінің білім беру мазмұнын анықтайтын, мемлекеттік білім беру стандартының негізінде жасалатын, нәтижесі тұлғаны дамытуға бағытталған, педагогикалық құндылық пен жаңалықтардан хабардар ететін авторлық педагогикалық шығармашылық іс.

Авторлық бағдарлама дайындау тәртібі бойынша әдістемелік көмек беру мақсатында Шығыс Қазақстан облысы «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен 2021 жылғы 5 қараша күні қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған  «Авторлық бағдарлама жазудың талаптары мен әдістемесі» тақырыбында онлайн-семинар өткізілді.

Аталған шарада Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, филология ғылымының магистрі М. Қ. Мукашеваның іс-тәжірибесі таратылды.

Мерует Мукашеваның алғаш рет ұсынып отырған тың ізденістегі авторлық құжаты - «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде оқушылардың жазылым әрекеттерін дамыту» атты авторлық бағдарламасы бойынша жаңашыл идеясымен, озық тәжірибесімен бөлісті.

Білім беру саласындағы өзекті мәселені шешуде авторлық бағдарламаның маңыздылығы және мазмұны, құрылымының жаңашылдығы және өзектілігімен ерекшеленетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, авторлық бағдарламаның жаңашылдығын, инновациялық потенциалы бойынша бірнеше үлгілерін /түрлерін/ атап көрсетті, рецензия беріліп, апробация жақсы нәтиже бергенде іске асатындығын тәжірибе арқылы көрсетті. Авторлық бағдарламаны мектептің білім беру үрдісіне енгізу үшін рецензия (ішкі және сыртқы рецензия), апробация – эксперимент түрінде танысу қажеттігін атап өтті.

Онлайн семинарға облысымыздың аудан, қалалары және облыстық білім беру ұйымдарынан 100 мұғалім қатысты.

Семинар соңындағы кері байланыста мұғалімдер өздерін ойландырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Қатысушылар алған білімдерін болашақта авторлық бағдарлама жасауда қолдана алады.

Модератор: Оқыту мазмұны және білім беру сапасы мониторингі кабинетінің әдіскері Сабиева Р.С.