
Әліпби - адамды сауаттандырудың, сөйлеу тілін дамытудың алғашқы құралы екендігі баршаға мәлім. Әрбір мемлекет өз елінің ерекшелігіне сай жазудың ең қолайлы әрі тиімді тілдік әліппесін таңдайтыны анық. Сондай - ақ біздің еліміздің де рухани жаңғыруға бет алуының көрінісі - латын әліпбиіне көшу.
Осы орайда білім беру саласындағы қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің жаңа әліпби, латын графикасы негізінде қазақ тілінің емле ережелерінің құрылымы мен кірме сөздердегі жаңалықтары туралы түсініктерін кеңейту - өзекті мәселелердің бірі.
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы 2021 жылғы 15 қазанда қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскерлері мен жалпы орта білім беретін ұйымдардағы пән мұғалімдеріне арналған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелері: құрылымы және жаңалықтары» атты облыстық әдістемелік алаң ( ZOOM платформасында) ұйымдастырды.
Аталған шарада А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының филология ғылымының кандидаты Тіл тарихы және диалектология, тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы; жетекші ғылыми қызметкері, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Рсалиева Нұрсәуле Мақсұтқызы; тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі Әміржанова Назира Серікқызы латын әліпбиін еркін әрі сауатты қолдана білуге үйретіп, ғылыми-әдістемелік жағынан өз тәжірибелерімен бөлісті.
Облыстық әдістемелік алаңға облыстың білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскерлері мен пән мұғалімдерінен құралған 100 адам қатысты.
Шараға қатысушылар жаңа әліпбидегі жаңалықтар жөнінде, оның ішінде латын графикасы негізінде қазақ тілінің емле ережелерінің құрылымы мен кірме сөздердегі жаңалықтар туралы түсініктерін толықтырып, жаңа мағлұматтар алды. Әдістемелік алаңнан алған мағлұматтарын пән мұғалімдері мемлекеттік тіліміздің латын графикасына көшу жағдайындағы жұмыс барысында қолдана алады.
Модератор: Оқыту мазмұны мен білім беру сапасы мониторингі кабинетінің әдіскері Сабиева Р. С.