VI республикалық Қазақстан мұғалімдерінің спартакиадасына дайындық

VI республикалық Қазақстан мұғалімдерінің спартакиадасына дайындық

ШҚО білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының 2026 жылға арналған халықаралық, республикалық спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 25 қазан – 1 қараша аралығында Алматы қаласында VI республикалық Қазақстан мұғалімдерінің спартакиадасы өтетінін хабарлайды.

Спартакиада бағдарламасына спорттың 6 түрі енгізілген.

Республикалық спартакиадаға дайындық аясында 2026 жылғы 23 қыркүйекте Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында ұлттық спорт түрлері – асық ату және бес асық бойынша іріктеу кезеңі өткізілді.

Жарыс барысында асық атудан 9, бес асықтан 7 маман бақ сынасты. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін төрешілер алқасы – Е.Т. Сапарғалиев, Ғ.М. Әлайдаров және О. Құлихан анықтады.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған қатысушылар Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Республикалық спартакиаданың қорытынды кезеңіне Шығыс Қазақстан облысынан спорттың 6 түрі бойынша барлығы 51 маман қатысады.

Барлық қатысушыларға жарыс барысында жоғары нәтижелер көрсетіп, облысымыздың намысын абыроймен қорғауларына тілектеспіз!