
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетімен бірлесе отырып 2026 жылдың 21 қыркүйегінде облыстағы «Асыл Мирас» аутизмі (аутизм спектрінің бұзылуы) бар балаларды қолдау орталығы» КММ ашылғанына 10 жыл толуына орай облыстағы педагогтерге, арнайы педагогтерге, арнайы мекеме басшыларына, студенттер мен медицина қызметкерлеріне арналған «АСБ бар балаларды қолдаудағы дәлелді практика және ведомствоаралық өзара іс-қимыл» атты облыстық симпозиумын өткізді.
Шара ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Ж. Қозыбаеваның, Б. Өтемұратов қорының бас директордың орынбасары, қаржы директоры Г.К. Мурзалинованың, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Г.С. Джарасованың, сондай ақ, денсаулық сақтау саласының өкілдері және ата-аналардың қатысуымен өтті.
«Асыл Мирас» орталығы он жыл ішінде аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға тікелей қолдау көрсетумен қатар, ата-аналар мен педагогтерге консультативтік-әдістемелік көмек көрсету, мамандардың кәсіби құзыретін арттыру бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Мерейтойлық симпозиум осы жылдар ішінде жинақталған тәжірибені саралап, заманауи тәсілдерді талқылауға және алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.
Соңғы жылдары Қазақстанда аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға сапалы әрі уақтылы қолдау көрсету мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. 2016–2026 жылдар аралығында есепте тұрған АСБ бар балалардың саны үш есеге жуық өскен. Бұл ерте анықтау мен ерте көмек көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Аутизмі бар балаға кешенді қолдау көрсету – бір ғана саланың міндеті емес. Баланың қажеттілігін ерте анықтау кезеңінен бастап педагогтер, медицина мамандары, психологтар, арнайы педагогтер, әлеуметтік қызметкерлер және ата-аналар өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Осыған байланысты симпозиум барысында ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды.